RU

Елімізге Ресейден шошқа мен оның өнімдерін кіргізуге тыйым салынғаны рас па

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Ресейде шошқаның африкалық обасы белең алуына байланысты елімізде сақтық шаралары күшейтілді деп жазады Қазақпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы ветеринария басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, Ресейде бүгінгі таңда шошқаның африкалық обасы шығып, мал қырылып жатыр екен.

Осыған орай ауылшаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті шошқа мен жабайы қабандарды, олардың етін, өнімдері мен жемазығына дейін шекарадан кіргізуге тыйым салғаны белгілі болды.

Ведомство көліктерді өткізу бекетіндегі ветеринарлық-санитарлық бекетте ел аумағына өтетін барлық тауарлар мен автокөліктер тексерілетінін мәлім етті.

Сонымен қатар, Омбы облысында шошқаның африкалық обасы пайда болған елді мекенде 24 желтоқсанға дейін карантин енгізілген.

"Жағдайды қадағалап отырмыз. Шектеу шаралары эпизоотиялық жағдай түзелгенше дейін алынбайды", - дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Оның сөзінше, қауіпті ауруға байланысты өңірде арнайы бағдарлама қабылданған. Обаның алдын алу үшін шошқа өсіретін шаруашылықтар мен жекеменшік мал иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Мамандар шошқа обасы адамға жұқпайтынын, бірақ ауырған мал емделмейтінін сөз етті. Ондай малды тек жою керек, дейді ведомство.

Айта кетейік, шошқа обасына қарсы вакцина әлі табылмаған. Ауру белгілері 2-9 күн ішінде пайда болып, ауырған мал бірнеше сағаттан кейін өледі екен. Обаны жұқтырған шошқаның қызуы көтеріліп, жем жеуден қалады, терісі көгеріп, өкпесі қабынатын көрінеді.

Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбе облысындағы шошқа қожалығына қатысты наразылық бірнеше күнге жалғасқан болатын.

Кейін өңір әкімі Оңдасын Оразалин әлеуметтік желідегі парақшасында аталған жағдайға қатысты пікір білдіріп, шаруашылықтың жұмысын арнайы құрылған комиссия тексеретінін мәлім еткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888126-elimizge-resejden-soska-men-ony-nimderin-kirgizuge-tyjym-salyngany-ras-pa/