RU

Әлі күнге дейін ота жасап жүрген 93 жастағы қырғызстандық дәрігер рекорд орнатты

93 жастағы хирург
Мамбет Мамакеев. Фото: currenttime.tv

67 жылдан бері ота жасап жүрген қырғызстандық дәрігер Мамбет Мамакеев әлемде еңбек өтілі ең көп хирург ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді деп хабарлайды Настоящее время.

93 жастағы Мамбет Мамакеевке Гиннестің рекордар кітабына енгенін растайтын диплом пошта арқылы жіберілген. Комитет куәлікті пандемия салдарынан дәрігердің қолына табыстай алмапты.

Хирург жұмыс істеген 67 жылында 30 мың ота жасаған.

"Міне, әлі күнге дейін күн сайын ота жасаймын. Қолым дірілдемейді, ұмытшақтық жоқ, бірақ қарттық бәрібір өз дегенін жасайды. Тізем мен белім мазалай бастады", - дейді Ұлттық хирургиялық орталықтың құрметті директоры Мамбет Мамакеев.

Дәрігердің сөзінше, оның ұзақ жасауының еш құпиясы жоқ. Айтуынша, күнделікті жаттығу жасайды. Сондай-ақ маман ешқашан темекі тартып, ішімдік ішпеген.

"Мен ешқандай дәрі қабылдамадым, ерекше тамақ жемедім. Әлі күнге дейін не бар болса, соны жеймін", - дейді ақсақал.

93 жастағы хирург
Мамбет Мамакеев. Фото: currenttime.tv

Қазіргі таңда құрметті дәрігер күніне тек бірнеше пациентті ғана қабылдап, қысқа әрі ауыр емес оталарды жасайды. Ал жас кезінде емханадан апталап шықпаған екен.

Білікті маман тек ота жасап қоймай, басқа қызметкерлерді де үйреткен. Бүгінде оның жүздеген шәкірті елдің түкпір-түкпірінде қызмет етеді. 93 жастағы маман оқушыларының басым бөлігі өзінен асып түскенімен мақтанады.

Мамбет Мамакеев әзірге зейнетке шығу туралы ойланбайтын көрінеді.

93 жастағы хирург
Мамбет Мамакеев. Фото: currenttime.tv

Еске сала кетсек, 82 жастағы қытайлық әжей айналасындағыларды өзінің икемділігімен таңдай қақтырған еді.

Сондай-ақ АҚШ-та 100 жастағы зейнеткер орта мектептің түлегі атанған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888311-li-knge-dejin-ota-zasap-zrgen-93-zastagy-kyrgyzstandyk-driger-ginnesti-rekordtar-kitabyna-endi/