RU

Таразда 1,9 млрд теңгеге салынған көпір жүргізушілердің үрейін тудыруда

Тараздағы қауіпті көпір
Видеодан кадр: almaty.tv

Тараздағы ең үлкен көпір "құлауға шақ тұр". Қала тұрғындары қырурар ақшаға салынып, үш жылға жетпей жарамсыз болуға аз қалған өткелдің екіге бөліне бастағанын видеоға түсіріп, дабыл қақты. Шаһардың екі бөлігін жалғаған жалғыз нысанның апатты жағдайда тұрғаны күнделікті өткен мыңдаған жолаушыға қауіп төндіруде.

Ені 28, ұзындығы 315 метр болатын құрылыс 2016 жылы басталып, 2018 жылы аяқталған болатын. Оның салынуына шамамен 1,9 млрд теңге жұмсалған. Алайда, қырурар қаржыға тұрғызылған нысан үш жылға жетпей, сыр бере бастаған. Көпірде жарықшақтар пайда болып, тұрғындардың үрейін тудырды.

"Алматы" телеарнасының хабарлауынша, бұл шағын аудандар мен Шалғай қарасудың арасындағы жалғыз көпір болып табылады. Оны бастапқыда күніне 3-4 мың көлік өтеді деген есеппен салған. Бірақ мақтауын асырған нысанның төзімділігі талапқа сай болмағандай. Арасы 10 сантиметрге дейін ашылған жарықша қауіпті аймаққа айнала бастады.

Жергілікті әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтады. Нәтижесінде жүргізушілерге қорқатын дәнеңе жоқ деген шешімге келіпті. Барлығы талапқа сай салынды дейді қала әкімнің орынбасары.

"Ол жерде екі кеңейту түйіні бар. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кеше-бүгін суыққа байланысты сол түйін көлемінің үлкеюіне байланысты қажетті материалдарын жағып қалыпқа келтіру жұмыстарын толығымен аяқтап жатыр. Ол кеңейту түйінің ауыр көліктер болсын, кіші көліктер болсын, адамға ешқандай залалы жоқ. Қауіпсіз деп айтуға болады" , – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.

Арай алқабындағы бұл нысанның құрылысы негізінен кеңестік кезеңде басталған болатын. Кейін құр қаңқасы тұрып, бараз уақыттан соң республикалық қаржы есебінен жалғасқан. Әкімдік аталған көпірді әлі 5 жыл бойы мердігер жөндеуге міндетті дейді. Ал, 10 сантиметрге дейін ашылған жерге тек битумды құюды қалыпты процеске балап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888500-tarazda-19-mlrd-tegege-salyngan-kpir-zrgizusilerdi-rejin-tudyruda/