RU

Алматыда 15 желтоқсаннан бастап локдаун енгізілетіні рас па: Бекшин жауап берді

Тәжвирус
Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте 15 желтоқсаннан бастап қалада локдаун енгізіле ме деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақтау мен қол жуу сияқты шаралар жаппай сақталмаса, эпидемиологиялық жағдай нашарлай түссе, біз шараларды қатаңдатуға мәжбүр боламыз. Бірақ, бұл 14 немесе 15 желтоқсан күндері болады деп айтқан жоқпыз. Бұл одан ерте де, кеш те болуы мүмкін. Бәрі өзімізге байланысты", - деді Бекшин.

Айтуынша, локдаун енгізу мәселесі алматылықтардың шектеу шараларын қалай сақтайтынына, мемлекеттік органдардың оларды қалай бақылайтынына байланысты болмақ.

"Иә, бәрі шаршады. Сонда да эпидемияның алдын алу шараларын сақтау керек. Қала үлкен, мегаполиске Қазақстанның әр өңірінен адамдар келеді. Қала жабық жерде емес. Маңында Алматы облысының миллион тұрғыны бар. Олардың 500 мыңы Алматыда жұмыс істейді", - дейді санитар дәрігер.

Еске сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елордада жаңажылдық, ұжымдық кештерді ұйымдастыруға тыйым салынатынын бұл үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салған еді.

Көлгіновтің сөзінше, жаңа жылда жаппай серуендеуге де рұқсат жоқ.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиев та коронавирус жағдайы жақсармайынша ешқандай мерекелік шара өтпейтінін айтқан болатын.

Айта кеткен жөн, елдегі ірі компаниялар да жаңажылдық кеш өткізбейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888655-almatyda-15-zeltoksannan-bastap-lokdaun-engiziletini-ras-pa-beksin-zauap-berdi/