RU

Қызылорданың экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға сотталды

Қуанышбек Ысқақов
Фото: strategy2050.kz

Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тергеу нұсқасы бойынша, Ысқақов алдау және сенімге ие болу жолымен оқ-дәрілер жарылған Арыс қаласын қалпына келтіруге бөлінген 80 млн теңгені иеленген.

Ол әкім қызметін 2019 жылдың 28 маусымынан бастап атқарған.

Еске сала кетсек, 27 наурызда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған.

Ал 28 наурызда Қызылорда облысының әкімі қызметіне Гүлшара Әбдіқалықованың тағайындалғаны белгілі болды.

Жақында №2 қалалық сотында өткен кезекті сот отырысында прокурор аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталып жатқан Қуанышбек Ысқақовты 8 жыл бас бостандығынан айыруды, cондай-ақ мемлекеттік органдарда, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеу мүмкіндігінен айыруды сұраған еді.

Сонымен қатар үй қамақты бас бостандығынан айыруға ауыстыру, жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу де ұсынылған болатын.

Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы "Құрмет" орденін қоса алғанда, барлық мемлекеттік ордендер мен наградалардан айыруды сұрады.

Сондай-ақ, прокурор Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы екі орынбасары Марат Делмұханов пен Мұрат Имандосовты Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі (Қатысушылық) және 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп тануды және әрбірін 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды ұсынды.

Дәл осы баптар бойынша ол кәсіпкерлер Жеңісбек Ысқақов пен Азат Досмаиловты кінәлі деп танып, әрқайсысына 6 жылдан жаза беруді сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888798-kyzylordany-eks-kimi-kuanysbek-yskakov-zeti-zylga-sottaldy/