Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтан әуежайынан 1,7 млрд ұрланды: Экс-қызметкерлер ұзақ мерзімге сотталды

Опубликовано:

Әуежай
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Бүгін Есіл ауданы №2 сотта Нұр-Сұлтан әуежайының бұрынғы қызметкерлеріне үкім оқылды. Елорда сотының ресми сайтында айыпталушылардың ұзақ мерзімге сотталғаны хабарланды.

Есіл ауданы №2 сотында "Астана" халықаралық әуежайының" бұрынғы бас есепшісі Бабашева алдын-ала сөз байласу бойынша адамдар тобында аса ірі көлемде ақша жымқырғаны және Қылмыстық кодекстің 367-бабы 3-бөлігі, 2-тармағы, 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша пара бергені үшін кінәлі деп танылған.

Сондай-ақ оның орынбасары Палманова, бухгалтерлер Баяндина, Үзденбаева, Елубаева, "НК Билдинг" ЖШС директоры Сейітова және Бабашев 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы және 28-баптың 5-бөлігі бойынша ұрлыққа қатысқаны үшін сотталды.

Сотта анықталғандай, бұл адамдар 2016 жылдың маусымынан 2019 жылдың сәуіріне дейін жалған келісімшарттар мен қаржылық құжаттар бойынша 33 заңды және жеке кәсіпкерлердің есеп айырысу шоттарына ақша аударып, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдырып, 1,6 миллиардтан астам теңгені жымқырған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі сот-экономикалық сараптама, қолма-қол ақша беретін компаниялар басшыларының айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен және кейбір айыпталушылардың мойындауларымен дәлелденген.

Бұған дейін прокурор Бабашеваны 10 жылға, Елубаева мен Бабашевты - 9 жылға, Палманованы, Сейітованы, Баяндина мен Үзденбаеваны - жеті жылға, Әдімолданы - 2 жыл алты айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сонымен бірге, қорғаушы тарап Бабашевтарды, Елубава мен Әдімолданы ақтауды сұраған. Ал қалған айыпталушылар істегендеріне өкінгеннен кейін, оларға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды немесе қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

Нәтижесінде Бабашева 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Бабашевқа 8 жыл жаза өтеу мерзімі берілді. Палманова, Сейітова, Баяндина, Үзденбаева мен Елубаева алдағы 7 жылын темір торда өткізеді.

Осы ретте Баяндина кішкентай балаларының болуына байланысты, ал Елубаеваның жүктілігіне байланысты жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді.

Сондай-ақ сотталғандарға ақшалай және тауарлы-материалдық құндылықтардың есепті айналымымен байланысты қызметпен айналысуға 10 жыл мерзімге тыйым салынады. Бабашева ешқашан мемлекеттік қызметке орналаса алмайды.

Тергеу барысында бұғатталған үйлер, пәтерлер, жер учаскелері және жалпы құны 312,2 миллион теңгенің бес автокөлігі, сондай-ақ 40,5 миллион теңге ақша келтірілген зиянның орнын толтыруға аударылды.

"Астана" халықаралық әуежайының" бұрынғы басқарма төрағасы Әдімолдаға келер болсақ, оған немқұрайлылық танытты, нәтижесінде ұрлық жасалды деген айып тағылған.

Алайда, сот Әдімолданың қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы мен ұрлық арасындағы себепті байланыстың болмауына байланысты айыпталған бап бойынша қылмыс құрамы жоқ деген қорытындыға келді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда "Астана Халықаралық әуежайы" АҚ -дағы ұрланған ақша ісі бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888957-nr-sltan-uezajynan-17-mlrd-rlandy-eks-kyzmetkerler-zak-merzimge-sottaldy/

pixel