RU

СҚО-да өзін медицина қызметкерімін деп таныстырған әйел зейнеткерлерді тонап кетті

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері адамдардың сеніміне кіріп, ақшасын ұрлаумен айналысатын алаяқты ұстады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлдың 43 жастағы тұрғыны өзін медициналық қызметкермін деп таныстырған. Медицина маскасындағы, бет-әлпеті келісті әйелге зейнеткерлер сеніп қалған.

Оның ақшаның ауысатыны туралы жалған әңгімесіне де сеніп, қолда қанша қаржы жинап отырғандарына дейін айтып берген. Олар жуынатын бөлмеге кіріп кеткен кезде алаяқ олардың ақшасын алып, қашып кетіп отырған.

"Полиция қызметкерлері бұл қылмысқа қатысы бар әйелді ұстап алды және ол бұрын Нұр-Сұлтан қаласында осыған ұқсас қылмыстары үшін істі болған. Ол тағы да екі зейнеткердің сеніміне кіріп, кезекті алаяқтық ісін жүзеге асырғаннан кейін автобусқа отырып кетіп бара жатқан жерінен ұсталды. Алаяқ олардан көп ақша ұрлаған. Оның құрбандары 79-99 жас аралығындағы қарт адамдар болған", - делінген баспасөз хабарламасында.

Енді полиция қызметкерлері оның өзіне қажетті қарияны тауып ала қоюына кім көмектесіп отырғанын анықтайды.

Айта кетейік, Жамбыл облысында салымшылардың қомақты қаражатын қолды қылған бұрынғы банк қызметкеріне 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және қаржы ұйымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889199-sko-da-zin-medicina-kyzmetkerimin-dep-tanystyrgan-jel-zejnetkerlerdi-tonap-ketti/