RU

Қарағанды облысында 11 жолаушысы бар автобус тас жолда аударылып қалды

Автобус аударылып қалды
Оқиға орны. Фото: instagram.com/qaragandy_tjd

13 желтоқсанда Қарағанды облысындағы тас жолда 11 жолаушысы бар автобус жолдан шығып кетіп, аударылып қалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңірлік ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты Ақтоғай ауданындағы "Алматы-Екатеринбург" тас жолының 1918 шақырымында болған. Гүлшат кентінен 10 шақырым жерде "Мерседес" рейстік автобусы аударылып кеткен.

Жол апаты кезінде салонда 11 жолаушы болған.

Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД "Балқаш" трассалық медициналық-құтқару пунктінің 4 қызметкері мен 1 бірлік техникасы келген.

Оқыс оқиға салдарынан алты адамға медициналық көмек қажет болған. Құтқарушылар зардап шеккендерді Балқаш қаласының ауруханасына жеткізді.

28 қарашада Қарағанды ​​мен Шахтинск арасындағы тас жолда 40-қа жуық жолаушысы бар қалааралық автобус аударылып қалғанын жазған едік.

Алдын ала мәліметтер бойынша, автобустың аударылуына өзге көліктің жолдың қарсы бағытына шығып кетуі себеп болған. Mercedes-Benz жылдамдықпен автобусқа соқтығысып, автобус жол жиегіне ұшып кеткен.

Еске сала кетейік, Шымкентте 4 желтоқсанда Тәуке хан даңғылында ірі жол апаты болды.

Арматура тиелген жүк көлігі 11 автокөлікті соққан. Оған тежегіштің істен шығуы себеп болған көрінеді. Апат салдарынан төрт адам зардап шеккен, арасында жүк көлігінің жүргізушісі де бар.

Сонымен қатар Алматыдағы шығыс айналма жолында үш автокөліктің қатысуымен жол апаты болғаны хабарланды. Апат салдарынан екі көлік аударылып қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889229-karagandy-oblysynda-11-zolausysy-bar-avtobus-tas-zolda-audarylyp-kaldy/