RU

Той күні жағдайы нашарлаған қалыңдық 5 тәуліктен соң көз жұмды

Қалыңдық
Көрнекі фото: pexels.com

АҚШ-та коронавирус жұқтырған қалыңдық той болатын күні ауыр халге түсіп, көп ұзамай қайтыс болды деп хабарлайды ren.tv.

29 жастағы Стефани Линн Смит 31 жастағы ғашығы Джейми Бассеттпен 13 қараша күні некесін қидырып, той жасауы тиіс болған. Стефани сол күні өзін нашар сезіне бастайды. Ол кезде қалыңдық коронавирустың белгілерін сезбеген екен.

4 күннен кейін иіс пен дәмді сезбей қалған ол бұл жайтты ерніне шыққан ұшықтың салдарынан болды деп топшылаған.

"Ол алдағы тойына алаңдап, дәрігерге қаралды. Дәрігер жазып берген дәрілер көмектеспей, жағдайы нашарлай берді", - деп есіне алды марқұмның анасы.

Ақыры ол емханаға түсіп, оған COVID-19 және пневмония диагнозы қойылады. Содан кейін оны үйге карантинге жіберген дәрігерлер Стефаниге дәрумендер ішуге, демалуға және қандағы оттегінің деңгейін бақылап отыруға кеңес береді.

Стефани
Стефани. Фото: © Jamie Bassett

10 қараша күні Стефани қатты әлсіреп, күні бойы ұйықтаумен болады. Келесі күні қанындағы оттегі деңгейі түсіп кеткен бойжеткенді жедел жәрдем емханаға алып кетеді.

"Бүгін біздің үйлену тойымыз болуы керек еді. Оның орнына Стефани ауруханада жатыр, ал дәрігерлер оның қанындағы оттегінің мөлшерін арттыруға тырысуда. Мен оны екі күннен бері көрген емеспін. Бұл өте қорқынышты және мен мұны ешкімге тілемес едім", - деп жазды Джейми 13 қарашада Facebook парақшасында.

17 қараша күні Стефанидің жағдайы тіпті ауырлап, ол жансақтау бөліміне жатқызылады. Келесі күні таңертең дәрігерлер туыстары мен күйеу жігітке қалыңдығының қайтыс болғаны туралы суыт хабар жеткізеді.

Еске салсақ, бұған дейін 14 желтоқсан, дүйсенбі күні коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша Павлодар облысы "қызыл" аймақтан шығып, тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалғанын жазған едік.

Одан бөлек, АҚШ-та коронавирусқа қарсы жаппай вакцина салу басталатынын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889313-toj-kni-zagdajy-nasarlagan-kalydyk-5-tulikten-so-kz-zmdy/