RU

Коронавирус: "Қызыл" аймақта тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалды

Коронавирус
Көрнекі фото: pixabay.com

14 желтоқсан, дүйсенбі күні коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша Павлодар облысы "қызыл" аймақтан шығып, тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалды. Бұндай мәлімет өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалайтын Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтында жарияланды.

Сайттың мәліметінше, 14 желтоқсан күні коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "қызыл" аймақта тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана бар.

Ал "сары" аймаққа Алматы қаласы мен Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы енген. Қалған өңірлердің барлығы және жалпы Қазақстан "жасыл" аймақта.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған тағы 747 адам тіркелген. Олардың дені Шығыс Қазақстан облысында тіркелді.

Жалпы коронавирус инфекциясының ауыр түрін өткерген адамдардың ағзаларында ерте қартаю үрдістері жүруі мүмкін.

Ведомствоаралық комиссияның жазуынша, Ресей иммунологтары коронавирус адам ағзасында созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал ететінін айтқан. Салдарынан адамдардың өмір сүру ұзақтығы қысқаруы ықтимал.

Коронавирус - бұл тамырлардың жүйелі қабынуы. Тамырлар адам ағзасының барлық бөліктерін қамтитындықтан, дене мүшелерінің көпшілігінде қосымша жүктемелер пайда болады.

Артық жүктемелер індеттің асқынуын тудырады. Бұл дене мүшелерінің қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуына, олардың функцияларының төмендеуіне әкеледі. Коронавирус салдарынан тромбоз пайда болып, жүрекке артық жүктеме түсіп, қант диабеті жағдайларының көбеюі мүмкін.

Сонымен қатар дәрігерлер коронавирустың жеңіл түрін өткергендер мен созылмалы ауруларға шалдықпаған адамдарда жоғарыда айтылған асқынулардың болмауы мүмкін екендігін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889322-koronavirus-kyzyl-ajmakta-tek-nr-sltan-kalasy-gana-kaldy/