RU

"10 жасар бала болған": Маңғыстаудағы пойызда болған өрттің мән-жайы айтылды

Пойыз
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли "Маңғышлақ-Ақтөбе" пойызының жүк вагонындағы өрт туралы айтып берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"14 желтоқсанда таңғы сағат 04.30-да Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Бейнеу ауданының аумағында орналасқан № 464 айырығы ауданында №109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны жанғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бізге белгілі мәлімет бойынша, жолаушылар пойызы 10 вагоннан құралған, оның ішінде 192 жолаушы болған. Өртенген вагон жүк тасымалдауға арналған, ол Қазпоштаға тиесілі", - деді Талғат Уәли Министрліктер үйінде тілшілерге берген сұхбатында.

Оқиға салдарынан 5 адамды күйік шалған – екі жолсерік, бір инкассатор, бір Қазпошта қызметкері және он жасар бала.

Зардап шеккендердің барлығы өртенген вагонның ішінде болған. Алдын ала себеп бойынша, өртке бес литрлік газ баллонының жарылуы себеп болған. Жолаушылар пойызында немесе жүк тасымалдау вагонында газ баллонын алып жүруге тыйым салынған. Бұл – ереже бұзу болып саналады. Баланың жүк вагонында қайдан жүргенін біз айта алмаймыз, бұл сұрақты "Қазақстан темір жолы" компаниясына қоюы керек. Біз өз тарапымыздан баланың болғанын растаймыз, Қазпошта қызметкері 10 жасар баласын өзімен бірге алып жүрген.

Барлығы түрлі дәреже күйік алып, Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Сонымен бірге, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бүлінген жүкті қалпына келтіру, зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету және қылмыстық іс қозғау мәселелеріне жауап бермейтінін, оны Ішкі істер миинстрігі мен ҚТЖ компаниясынан сұрау керектігін айтты.

Айта кетейік, оқиға орнына ТЖ департаменті, Апаттар медицинасы орталығы, "ҚазмұнайТеңіз" МӨҚҚ және "ҚТЖ" компаниясыннан барлығы 30 адам, 7 техника және 1 өрт пойызы жіберілді. Өртті басқа вагондарға таратпау үшін жүк вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылған. Бұған дейін Бейнеу аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері зардап шеккендердің жай-күйін айтып берген еді. Екі науқастың жағдайы аса ауыр халде.

Айта кетейік, "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызының жүк вагонынан өрт шығып, салдарынан бес адам зардап шекті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889341-10-zasar-bala-bolgan-magystaudagy-pojyz-zarylysyny-mn-zajy-ajtyldy/