Назарбаев қауіпсіздік қызметінің бастығы тағайындалды
Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік қызметінің басшысы тағайындалды деп хабарлайды Елбасы сайты.
"Қазақстан Республикасы тұңғыш президенті - Елбасының шешімімен Батырбек Бердібайұлы Байбосынов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы болып тағайындалды",- делінген хабарламада.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі екенін атап өтті.
"Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан, бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тәуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия салдарынан еліміздің басты ұлттық мерекесін кең көлемде атап өту мүмкін болмағанын айтты. Азаматтарымыздың денсаулығы, өмірі және әл-ауқаты бәрінен жоғары тұрады.
Сондықтан барлық іс-шара шектеулі форматта және онлайн режимде өтеді. Бірақ бұл жағдай Тәуелсіздік күнінің құны мен маңызын еш төмендетпейді. Президент ұлық мерекенің салтанатты рухы әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, әр қазақстандықтың жүрегін қуанышқа толтыратынына сенім білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889416-nazarbaev-kauipsizdik-kyzmetini-bastygy-tagajyndaldy/