RU

19 қаңтарға дейін жабық: Еуропа елдері Жаңа жыл мен Рождество қарсаңында локдаун енгізді

Бетперде таққан адамдар
Көрнекі фото: Mikhail Svetlov/Getty Images

Еуропада COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Өңір елдері осы аптадан бастап жаңажылдық мерекелерде вирус тарауының алдын алу үшін шектеу шараларын енгізіп жатыр.

CNN ақпарынша, дүйсенбі күні Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Мэтт Хэнкок Лондон қатаң оқшаулау режиміне көшетінін мәлімдеген. Лондон сәрсенбіден бастап 2- деңгейдегі "жоғары даярлықтан" "ең жоғары" 3- деңгейге ауысқан.

Шектеулердің ең жоғары деңгейінде паб, кафе мен мейрамханаларды қоса алғанда, барлық қоғамдық тамақтану орны жабылады. Тек қабылдау нүктелері мен тамақ жеткізу қызметтері жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындарға үйден аса қажеттілік болмаған жағдайда шықпауға кеңес берілді.

"Соңғы үш аптада біз коронавирустың Лондонда, Кентте, Эссекс пен Хартфордширдың кейбір бөліктерінде қатты тарағанын байқадық",- деді денсаулық сақтау министрі.

Алайда, елде Рождество мерекесін 23 желтоқсаннан 27 желтоқсанға дейін үш отбасы мүшелерімен ғана қарсы алуға рұқсат берілді.

Sky News ақпарынша, Нидерланды да бес аптаға қатаң оқшаулау режимін енгізген. 15 желтоқсаннан бастап 13 жастан асқан екі адамнан артық қонақ күтуге болмайды. Ал Рождество мерекесінде тек үш адамға рұқсат беріледі. Адамдарға үйде қалуға, жұмысқа бармауға кеңес беріліп жатыр. Жаттығу залдары, балабақшалар мен музейлерді, зоосаябақтар мен кинотеатрларды, шаштараздар мен сұлулық салондарын қоса алғанда, барлық қоғамдық орын 19 қаңтарға дейін жабылады. Мектептер де 18 қаңтарға дейін жұмыс істемейді.

The Guardian Чехиядағы локдаун жайлы да мәлімдеді. Премьер-министр Андрей Бабиштің сөзінше, екі апта бұрын ғана ашылған мейрамханалар, қонақүйлер мен жабық спорттық нысандар жұмадан бастап қайта жабылады. Қоғамдық жиналыстарға жабық ғимаратта тек алты адам қатыса алады. Сондай-ақ, Чехияда 23:00-ден 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізіледі. Рождество демалыстары әдеттегіден ерте басталады.

"Бұл жылы Рождество басқа болады. Бірақ, бұл қазіргі жағдайдың нәтижесі",- деді баспасөз конференциясында денсаулық сақтау министрі Ян Блатны.

Италия үкіметі "қызыл аймақтағы" барлық елді Рождество мерекесінен 2 қаңтарға дейін жабу мәселесін қарастырып жатыр. Шаралар түнгі коменданттық сағаттың ұзартылуын, қозғалысқа тыйым салу, барлық дүкенді жабу, демалыс және мереке күндері азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа дүкендерді, бар мен мейрамханаларды жабуды қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889482-19-katarga-dejin-zabyk-europa-elderi-zaa-zyl-men-rozdestvo-karsaynda-lokdaun-engizdi/