RU

Түркияда жаңажылдық мерекелерде көшеге шығуға тыйым салынды

Түркия көшелері
Көрнекі фото: Omer Evren Atalay/Anadolu Agency via Getty Images

Түркия билігі жаңа типтегі коронавирус тарауының алдын алу үшін жаңажылдық мерекелер қарсаңында коменданттық сағат енгізу туралы шешім қабылдады деп жазады Daily Sabah.

"COVID-19 инфекциясымен күрес шаралары аясында 31 желтоқсан сағат 21:00-ден бастап 5 қаңтар 4:00-ге дейін төрт күндік коменданттық сағат енгізіледі",- деді Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоган.

Ол Түркияда енгізілген шектеу шараларының нәтижесінде басқа елдермен салыстырғанда коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны азайғанын хабарлады. Соңғы екі аптада Түркия демалыс күнге локдаун енгізді. Заң бұзғандар айыппұл төлейді.

Ердоған сонымен қатар коронавирустың жаңа түрінің экономикаға тигізген кері әсерлері мен олармен күресу үшін үкімет қабылдаған сақтық шараларын атап өтті.

"Біздің басты мақсат - постпандемиялық дәуірдегі жетекші мемлекеттер қатарына кіру. Біз экономикалық өсім мен инвестиция, жұмыспен қамту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасап жатырмыз",- деді ол.

Сондай-ақ, Түркия президенті түркиялық банк секторының тұрақтылығын тілге тиек етті.

"Түркия банк секторы пандемия уақытында да жақсы жұмыс істеді. Біздің банктерде шетел валютасының профициті бар", - деді ол.

Айта кетейік, Еуропада COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Өңір елдері осы аптадан бастап жаңажылдық мерекелерде вирус тарауының алдын алу үшін шектеу шараларын енгізіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889493-trkia-trgyndaryna-zaazyldyk-merekelerde-ksege-syguga-tyjym-salyndy/