RU

Коронавирус: Қазақстанда вакцинациядан бас тартуға болмайтыны рас па

дерт
Көрнекі фото: pexels.com

Желі оқырмандары Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау міндетті болатыны туралы жаңалықты кеңінен талқылап жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Олар 2020 жылғы 24 қыркүйектегі "Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қарсы міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық егілуге жататын топтарын бекіту туралы" қаулыға өзгерістер енгізу туралы" құжатқа сүйенеді.

Скриншот
Скриншот: stopfake.kz

Шын мәнінде, қаулыда бас тартуға болмайтын мәжбүрлі вакцинация туралы айтылмаған, деп жазады stopfake.kz.

"Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі, яғни азаматтар екпе алуға өз еркімен келісім беруі тиіс", – деп түсіндірді денсаулық сақтау министрлігі.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте бұрынғыдай Қазақстан Республикасының кез келген азаматының "Емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға" құқығы бар нормалар сақталған.

16 жастағы және одан асқан балалардың профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек алудан хабардар түрде бас тартуға құқығы бар. 

Еске салсақ, бұған дейін елімізде коронавирус дертінің таралуы бойынша 2020 жылғы 14 желтоқсандағы эпидемиологиялық жағдай туралы ресми деректерді COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-тың ресми Telegram-арнасы жария еткен болатын. Оған сәйкес, өткен тәулікте елімізде коронавирус дертін жұқтыру бойынша 661 жағдай тіркелген.

Одан бөлек, елорданың бас санитар дәрігері қала маңына блок-бекеттер орнату мен астанадан шығатындар үшін міндетті ПТР тестілеуді енгізу қаншалықты мүмкін екенін айтқан еді. Жанна Пірәлиеваның сөзінше, Нұр-Сұлтан коронавирус жұқтыру деректері бойынша "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа оралуы ықтимал.

Сонымен қатар, 14 желтоқсан, дүйсенбі күні коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша Павлодар облысы "қызыл" аймақтан шығып, тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана қалғаны анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889523-koronavirus-kazakstanda-vakcinaciadan-bas-tartuga-bolmajtyny-ras-pa/