RU

Павлодарда жағалаудағы баспалдақтан құлаған қыз алған жарақаты үшін әкімдікті кінәлады

Жарақат
Фото: instagram.com/vse_obo_vsem_pvl

Павлодарда қалалық жағажайдағы баспалдақтан аяғы тайып, құлап кеткен бойжеткен алған жарақаты үшін әкімдікті кінәлады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Павлодар тұрғыны өзінің шағымын Іnstagram желісіндегі vse_obo_vsem_pvl парақшасында жариялаған.

Оның жазуынша, коммуналдық қызметтің жұмысына байланысты қалада жүру қауіпті.

Себебі аяғы тайып, баспалдақтан оңбай құлап, жарақат алған. Бойжеткен өз жазбасына жағалауда алған жарақатының суретін қосқан.

"Екі күннен кейін өтіп бара жатып сол жерден қан көрдім. Осы жерде тағы біреу зардап шеккен секілді. Енді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына сұрақ. Менің майып болғаныма кім жауап береді? Бұл жарақаттардан мені не күтіп тұрғанын әлі білмеймін", - дейді зардап шегуші.

Желі қолданушылары павлодарлық аруды қолдап, өз ойларын ортаға салған. Олардың сөзінше, тайғақ баспалдақтарды қаланың кез келген бұрышынан кезіктіруге болады.

Бойжеткеннің жазбасына қатысты қалалық әкімдік те пікір білдірген.

"Осылай болғаны өте өкінішті. Қаланың коммуналдық қызметтері мұндай жағдай қайталанбас үшін қала жағалауындағы баспалдақтарды қар мен мұздан тазарту жұмыстарын жүргізеді", - деді әкімдіктен.

Еске сала кетсек, Павлодарда өрт сөндірушілерге көпқабатты пәтерлердің бірінен өрт шыққаны туралы ақпарат түскен еді. Алайда құтқарушылар келіп, домофонды басқан кезде көршілер есікті ашпай қойған болатын.

Сондай-ақ Павлодарда балаларының туған күнінде ұрысып қалған ерлі-зайыптыларға 10 патрульдік полиция көлігі келгенін жазған едік. Анықталғандай, айқай-шуды естіген көршілер полицияны кезек-кезек шақыра беріпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889552-pavlodarda-zagalaudagy-baspaldaktan-klagan-kyz-algan-zarakaty-sin-kimdikti-kinlady/