RU

"Қызыл" аймақтан шыққан Павлодар облысында блок-бекеттер алынады

Блок-бекет
Көрнекі фото: Хабар 24

Павлодар облысында блок-бекеттер алынады. Бұл шешім өңір коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша "қызыл аймақтан" шыққан соң қабылданған. Облыста соңғы бірнеше тәулікте ауру жұқтырғандар саны 100-ден төмендеген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Жаңа қаулыға сәйкес, карантинді жеңілдету бірқатар бизнес нысаны, қоғамдық көлік жұмысына әсер етпек.

Құжат 16 желтоқсаннан бастап күшіне енеді, сондықтан ертең өңірде периметр бойынша Павлодар, Екібастұз, Ақсуға қойылған блок-бекеттер алынады.

Одан бөлек, қалалар арасында қатынауға да рұқсат берілді. Сенбі және демалыс күндері азық-түлікке жатпайтын тауарларды сататын дүкендер жұмыс істейді.

Тыйым тек жексенбі күнге сақталады. Мерекедегі өзгерістерге байланысты 20 желтоқсан есепке алынбайды. Бұл қоғамдық көлік қозғалысына да қатысты.

"Мереке және демалыс күндері қоғамдық көліктің жұмысы қайта жанданады. Алдағы уақытта жексенбі күнгі шектеулер сақталады. 16, 17, 18, 19, 20 желтоқсан күні қоғамдық көлік әдеттегідей қалыпты режимде жұмыс істейді", - дейді Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.

Айта кететін жайт, жаңа қаулыда балабақшадағы кезекші топтарда адам саны 120-ға дейін көбейген. Мектептер, колледждер мен ЖОО-лар онлайн режимде қалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова алдағы мереке күндеріне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.

Маман санитар дәрігерлердің талаптары мен сақтық шараларын ұмытпауды сұрады.

Ал өткен тәулікте елімізде 661 адамнан коронавирус анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889556-pavlodar-oblysynda-blok-beketter-alynady/