RU

Алматыда полиция қызметкерлері көпбалалы отбасыны өрттен құтқарды

Фото
Фото: Polisia.kz

Алматы қаласының учаскелік полиция инспекторлары көпбалалы отбасыны өрттен құтқарып қалды деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, бүгін таңертең Жансүгіров көшесіндегі жер үйдің моншасынан өрт шыққан.

Қызыл жалынды екі тәртіп сақшысы байқапты. Ол уақытта Түрксіб ауданы полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жайнат Молдағали әріптесі Самат Нұровпен жұмысқа бара жатқан.

"Жансүгіров көшесінің бойымен келе жатқанда жеке сектордан қара түтін шығып жатқанын көрдік. Кері бұрылып, 657-ші үйге қарай жүгірдік. Қарасақ, монша өртеніп жатыр екен, өрт үйге тарап үлгерген. Ішінде адамдар болды. Қатты ұйықтап жатқандықтан, өртті сезбеген. Оларды бірден терезе арқылы шығара бастадық. Алдымен балаларды құтқардық. Отағасы арғы бөлмеден әжейді шығарды, біз оны терезе алдында күтіп алдық", - деді Жайнат Молдағали.

Олар оқиға орнына қосымша көмек шақырған. Патрульдік экипаждың келіп, көрші үйлердің тұрғындарын эвакуациялағаны белгілі болды.

Тілсіз жаудан зардап шеккендер жоқ.

"Полицейлерге алғысым шексіз. Олар болмағанда, бүкіл отбасымызбен өртеніп кетер едік. Бізге көмектескені үшін көп рахмет", - деді төрт баланың анасы.

Қазіргі уақытта мамандар тілсіз жаудың себептерін анықтап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында орын алған өрт оқиғасы жайлы хабарлаған болатынбыз. Төтенше жағдай салдарынан ерлі-зайыптылар мен олардың екі ұлы көз жұмған.

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында орын алған. Марқұм отбасы аталған тұрғын үйді жалға алып тұрған.

Сонымен қатар оңтүстік астанада "Медина" атты спорттық кешен өртке оранғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889635-almatyda-policia-kyzmetkerleri-kpbalaly-otbasyny-rtten-ktkardy/