RU

Испанияда "орыс мафиясы" ісі бойынша Қазақстан азаматы ұсталды

арест
Көрнекі фото: pixabay.com

Испанияның полиция қызметкерлері 23 адамды ұстады. Олардың ішінде Қазақстан азаматы да бар деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, ұсталған азаматтар "орыс мафиясының" ақшасын жылыстатқан адамдар ретінде күдікке ілінген.

"Ондағы полиция қызметкерлері істің мән-жайын хабарламай отыр. Бірақ бұл іс "Шығыс Еуропа мафиясына" қарсы кейінгі жылдардағы ең ірі операция. Ұсталғандардың "иерархиялық деңгейі жоғары" екені белгілі болып отыр", - делінген хабарламада.

РИА Новостидің жазуынша, Қазақстан азаматынан бөлек, ұсталғандар арасында 8 Ресей азаматы, екі Украина, бір Алжир азаматы бар. Қалғандары испаниялықтар.

Еске сала кетейік, бұған дейін 1997 жылы Көкшетауда екі әйелге пышақ жарақатын салған азамат 23 жылдан кейін Ресейде қолға түскенін хабарлаған едік.

Ол жаралаған екі келіншектің бірі оқиға орнында, ал екіншісі бір аптадан кейін ауруханада қайтыс болған.

Күдікті қашып жүрген. Оған халықаралық іздеу салынып, көрші мемлекеттегі тәртіп сақшысына сипаттамасы жіберілген.

2020 жылдың 12 желтоқсанында ресейлік құқық қорғау органдары Курган облысының Журавлево ауылында ер адамды ұстаған.

Сондай-ақ банктен 87 млн теңге жымқырған қостанайлық азамат Ресейдің Челябі қаласында қолға түскенін хабарлаған болатынбыз.

Бүгінде қолды болған қаржы толығымен қайтарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889756-ispaniada-orys-mafiasy-isi-bojynsa-stalgandar-arasynda-kazakstan-azamaty-bar-bolyp-sykty/