Тәуелсіздік күні мерекесінде Қазалы ауданында жаңа ауылдық клуб ашылды
Жарияланған күні:
Тәуелсіздік мерекесі күнінде Қызылорда өңірінің бірқатар аудандарында жаңа әлеуметтік нысандар ашылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданының бірқатар ауылдарына барып, салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде пәтер кезегінде тұрған тұрғындар үшін 1 қабатты 4 пәтерлі 10 несиелік үйдің құрылысы жүруде. Өңір басшысы аталған нысанның құрылысымен танысып, аудан әкімі Мұрат Ергешбаевқа пәтердің жайлы әлі сапалы болуын басты назарға алу қажеттігін жеткізді.
Облыс әкімі "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жақында газға қосылған Ғ.Мұратбаев ауылына барып, көгілдір отынға қол жеткізген елді мекеннің тұрғындарымен кездесіп, қуаныштарымен құттықтады.
Айта кету керек, ауылдағы орамішілік газ құбырының 6,1 шақырым жоғары қысымды, 12,2 шақырымы төмен қысымды. Мұндағы 2 дана газ реттегіш пункті 293 тұрғын үйге газ желісін жеткізуге арналған. Жалпы құны 243,1 млн теңге болатын жобаны "Сапақ" ӨК-і жүзеге асырған.
Гүлшара Әбдіқалықова Ақсуат елді мекеніндегі жаңадан пайдалануға берілген балабақшаға да барды. "Балауса" балабақшасы 90 орынға лайықталған. Бөбекжайдың құрылысы өткен жылы басталып, ағымдағы жылы толық аяқталды.
Тәуелсіздік күні аудандағы Ақсуат ауылында жаңа клуб ашылды. 150 орынға арналған мәдени орынның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған. Мердігер мекеме "Болашақ" ЖШС қос қабатты ғимараттың құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтап, ақсуаттық өнерпаздар мен тұрғындарды толғантқан мәселе шешімін тапты. Облыс әкімі елді мекен халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
"Соңғы уақытта Сыр елінде серпінді жұмыстар атқарылып, көптеген нысан ел игілігіне берілуде. Бұның бәріне біз тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан сіздерді ең алдымен "Тәуелсіздік күні" мерекесімен құттықтаймын. Мерейлі мереке қарсаңында Ақсуат ауылында жаңа ауылдық клуб пайдалануға берілуде. Жаңа нысан ауылдағы мәдени шаралардың ұйытқысы болып, өнерлі жастардың өрісін кеңейтеріне сенеміз. Тұрғындар осында келіп түрлі іс-шараларды тамашалайтын болады. Жаңа ауылдық клубтың ашылуымен тағы да сіздерді құттықтаймын. Ауыл өнерпаздарының еңбегі еселене берсін", - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кету керек, Қазалы қаласында "Жұмыспен қамту-2020 жол картасы" бағдарламасы аясында 8 көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдары орнатылған. Нәтижесінде, жаяу жүргіншілер жолы салынып, 47 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарлама аясында 4 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп, 5 адам жұмысқа орналасқан.
Мұнан бөлек Қазалы қаласындағы мәдениет үйі, қалалық емхана, №17 орта мектеп пен "Шағала" БСДО ғимараты ағымдағы жөндеуден өтіп, 24 адам жұмысқа орналасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889777-tuelsizdik-kni-merekesinde-kazaly-audanynda-zaa-auyldyk-klub-asyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.