RU

Бельгия шенеунігі COVID-ке қарсы вакцинаның бағасын абайсызда жариялап қойды

Вакцина
Көрнекі фото: Win McNamee/Getty Images

Бельгияда шенеунік үкіметтің коронавирусқа қарсы вакцинаны қандай бағаға сатып алғаны жөніндегі құпия ақпаратты абайсызда жария етті деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Бельгиялық HLN ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Бюджет және тұтынушыларға қызмет көрсету жөніндегі статс-хатшы Ева де Блеекар Twitter-аккаунтында Бельгия үкіметі сатып алып отырған вакцинаның бағасы және сомасы көрсетілген твит жариялады.

Жазбаға қарағанда, Бельгия вакцинаның 33 миллион дозасын сатып алмақ және ол үшін 280 миллион евро төлемек. Твитпен бірге жарияланған кестеде AstraZeneca вакцинасының бір дозасы 1 евро 78 тиын екені көрінеді. Бұл – әзірге ұсынылып отырған вакциналардың ішіндегі ең арзаны. Ең қымбаты – Moderna компаниясының вакцинасы. Оның бір дозасы 18 доллар тұрады.

Еурокомиссия вакцина өндірушілерімен жасасқан келісімшартқа сілтеп, вакцина бағасын құпия ұстап отыр, сол себепті Twitter-дегі жазба дереу өшірілді. Алайда жария болып үлгерген дерекке көпшілік назар аударып үлгерді.

Еске салсақ, премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына барғаны туралы жазған болатын.

Оған қоса, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада Қазақстан Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889864-belgia-seneunigi-covid-ke-karsy-vakcinany-bagasyn-abajsyzda-zarialap-kojdy/