RU

40 градус аязда жалаңаштанып жүгіретін алматылық қария жастарға өз кеңесін айтты (видео)

Фото
Фото: Sputnik Қазақстан

72 жастағы алматылық Сепболсын Ақашев 50 жылдан аса уақыттан бері жүгірумен айналысады. Ол жүгіруді бала күннен әдетке айналдырған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз ауылдық жерде тұрдық. Сарыағашта бала күнімде таңертең жалаңаш жүріп мал жайдым. Сонда әке-шешем ауырасың деп ұрсатын. Кейіннен ұрысуды да қойды. Ес білгелі осылай жүгіріп келемін, шамамен 18-19 жасымда бастадым", - дейді Сепболсын Ақашев.

Оның сөзінше, ер жеткен соң жұмысқа да жүгіріп баратын болған. Алайда бұл қызығушылығы жайлы ешкімге тіс жармадым, дейді қария.

Ақашев бүгінде Алматы қаласындағы президент паркінде жаттығады.

Ол елордада 35-40 градус аязда да жүгіргенін жасырған жоқ. 

"Елорданың саршұнақ аязы мен желі қосылып денеңді тілгілегендей болады. Сондай кезде рақаттанып жүгіресің", - дейді қария.

Ол жүгірген кезде қолынан гір тасын тастамайды. Төрт шақырым жүгірген соң жаттығу жасайды. Әр жаттығуға 3-4 минут уақыт жұмсайды.

Елу жылдан бері жүгіргеніне қарамастан, Сепболсын Ахашов ешқандай марафонға қатыспаған. Ал жалаңаштанып жүгіргісі келетіндерге көктемде бастауға кеңес берді.

"Жалаңаш жүгіргісі келетіндерге, алдымен, киіммен жүгіруді ұсынамын. Одан кейін жүгіруді көктемнен бастау керек. Біраз жер жүгіріп, дәл сондай шақырымды жаяу жүрген жөн. Жүгірген кезде адамның екінші демі ашылады. Оның нақты уақыты жоқ, әркімде әртүрлі уақытта пайда болады", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889924-40-gradus-aazda-zalaas-zgiretin-almatylyk-karia-zastarga-kees-berdi-video/