RU

Жаңаөзенде көшеден табылған жаңа туған нәрестенің қамқоршысы табылды

Сәби
Көрнекі фото: piqsels.com

Жаңаөзенде көшеден табылған жаңа туған нәрестені бала сүйе аламай жүрген отбасы өз қамқорлығына алды. Бұл туралы Маңғыстау облысы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сару Ермұханова хабарлады деп жазады Lada.kz.

Сару Ермұханованың айтуынша, тастанды бала туралы жаңалықты естіген отбасы оны бірден асырап алғысы келген.

"Асырап алатын отбасы баланы көру үшін бірінші рет келген кезде ешқайсысымыз көз жасымызды тыя алмадық. Барлығы үшін бұл кездесу маңызды болды. Отбасы ұзақ уақыттан бері балалы бола алмаған екен. Олар тастанды баланың оқиғасы туралы жаңалықтардан біліп, оны дереу өздеріне алғысы келген.

Енді отбасы қамқоршы рөлін атқарады. Бірақ ереже бойынша қамқоршылардың көпшілігі нәтижесінде асырап алушы ата-анаға айналады. Бұл тек уақыттың еншісіндегі мәселе", - дейді Маңғыстау облысы мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сару Ермұханова.

Еске сала кетсек, 11 қыркүйек күні түнде Жаңаөзендегі "Рахат" шағын ауданында жер үйге жақын маңда көшенің бойынан жаңа туған нәресте табылған еді.

Жедел жәрдем қызметі сәбиді Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасына жеткізген.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәрестенің дене қызуы 31 градус болған. Кіндігі кесілмеген, салмағы – 2 келі 740 грамм, бойы – 49 сантиметр.

Сол кезде ведомство нәрестенің қарқынды терапия палатасында жатқанын айтқан. Оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланған болатын.

Айта кетейік, Қызылордада жер үйлердің біріндегі дәретханадан жаңа туған нәрестенің денесі табылған еді.

Кейін сәбиін дәретханаға тастап кеткен көкек ана ұсталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890001-zaazende-kseden-tabylgan-zaa-tugan-nresteni-erli-zajyptylar-kamkorlygyna-aldy/