RU

Нұрлан Әлімжанов: Коронавирус ешқандай да мемлекеттің саяси құралы емес

Әлімжанов
Фото: instagram.com/nurlan_alimzhanov_official

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әлімжанов коронавирус ешқандай мемлекеттің саяси құралы емес екенін айтты. Ол азаматтарды карантин талаптарын сақтауға шақырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжанов 2020 жыл еліміз үшін ауыр жыл болғанын атап өтті.

"Індет өнердегі асыл азаматтарымызды арамыздан жұлып кетті. Бұл қиын сәт әлі де жалғасып жатыр. Аты жаман аурудан қашан құтылатынымыз беймәлім. Сондықтан мүмкіндік болса, Жаңа жылды отбасымызбен қарсы алып, сақтанып, үйде болғанымыз жөн.

Мемлекет тарпынан қабылданып жатқан шаралар жан-жақты зерттелген. Қазіргі жағдайдан саяси астар іздеу немесе оған сенімсіздік таныту орынсыз деп ойлаймын. Коронавирус ешқандай да мемлекеттің саяси құралы емес.

Аз қазақ бір-бірімізді аялап, өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарайық. Қорыққанға қос көрінеді. Босқа дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Өйткені қорыққан сайын иммунитет әлсірейді", - деді Нұрлан Әлімжанов.

Сонымен қатар депутат барша қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірген.

Еске сала кетсек, елімізде 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі.

2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.

Айта кетсек, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 146 584-ке жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890043-nrlan-limzanov-koronavirus-eskandaj-da-memleketti-saasi-kraly-emes/