RU

Атырауда ақ халаттылар тиын жұтып қойған екі жасар баланы аман алып қалды

Ойнап отырған бала
Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысында монета жұтып қойған екі жасар бала жедел жәрдем қызметкерлерінің арқасында аман қалды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқыс оқиға Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында болған. Анасы екі жасар баласын тамақтандырғысы келген. Бірақ, кішкентай балақай тамақтан бас тартып, құса бастаған.

"Әйел баласының тыныс алуы қиындағанын айтып шағымданды. Біз келген кезде нәресте жөтеле бастады. Бұл – монета секілді нәрсені жұтудың белгісі. Сол себептен біз балақайды шайқай бастадық. Балақайды үшінші рет шайқағанда ғана аузынан монета түсті. Ол ресейлік 10 рубль монетаны жұтқан екен", - деді жедел жәрдем бригадасының фельдшері Айнұр Зайнекешова. ​

Алайда 2 жасар балақайдың анасы үйіне 10 рубль монетаны кім әкелгенін есіне түсіре алмаған.

Еске сала кетсек, тараздық дәрігерлер сырға жұтып қойған 3 жасар балаға сәтті ота жасады.

Анасының айтуынша, бала үйінде ойнап отырып, жерден сырға тауып алып, жұтып қойған көрінеді. Жоғары санатты балалар хирургы Эльбрус Салпағаровтың шұғыл әрекеті арқасында балақайдың тамағындағы сырға сәтті алынып, ол дұрыс демалып, мазасызданғаны лезде басылған.

Айта кетсек, бұған дейін көкшетаулық дәрігерлер түйреуіш жұтып қойған сәбиді аман алып қалған еді.

Оған қоса, шымкенттік дәрігерлер шеге жұтып қойған үш жасар балаға жедел түрде жабық ота жасап, бүлдіршінді құтқарып қалған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890084-atyrauda-ak-halattylar-tiyn-ztyp-kojgan-eki-zasar-balany-aman-alyp-kaldy/