Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Маңғышлақ-Ақтөбе" пойызындағы өрт: Зардап шеккендердің бірі көз жұмды

Опубликовано:

Вагон өртенді
Оқиға орны. Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

"Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызының жүк тиелген вагонында болған өрттен зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әсия Шонтыбаеваның айтуынша, денесінің 80 пайызын күйік шалған 42 жастағы ер адам 20 желтоқсанда ауруханада қайтыс болған.

"Оның жағдайы өте ауыр болғандықтан, санавиациямен Ақтауға алып кетуге жарамады. Сондықтан ол аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде қалдырылды. Дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Дегенмен ауыр жарақаты салдарынан кеше көз жұмды", - дейді ол.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалған зардап шегушілер яғни 4 адам медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр.

Денесінің 40 пайызын күйік шалған ер адам мен оның 11 жасар ұлы Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылған.

"Ер адамның жағдайы ауыр. Ол өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылды. Ал, денесінің 50 пайызы жарақаттанған баланың беті бері қарады. Аздап сөйлейді. Есін біледі", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Қайғылы оқиғадан кейін Бейнеу аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде болған тағы екі науқас санавиациямен облыстық травматологиялық бөлімшеге ауыстырылған.

"Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланған. Осы аптада 23 немесе 24 желтоқсанда үйлеріне жіберу жоспарлануда", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, 14 желтоқсан күні таңғы сағат 04.30-да Маңғыстау облысының Бейнеу ауданының аумағында № 109 "Маңғышлақ-Ақтөбе" жолаушылар пойызына тіркелген жүк вагонынан өрт шыққан еді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жүк вагонында газ баллоны жарылған.

Салдарынан бес адамды - екі жолсерікті, бір инкассаторды, бір Қазпошта қызметкері мен баланы күйік шалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1890164-magyslak-aktbe-pojyzyndagy-rt-zardap-sekkenderdi-biri-kz-zmdy/

pixel