RU

Алматы маңында автобус жүргізушісін 150 теңгеге бола соққыға жыққан

Видеодан кадр
Видеодан кадр: Телеграмм

Алматы облысы Жетіген станциясында автобус жүргізушісін 150 теңгеге бола соққыға жыққан деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Оқиғаның видеосын Бақытжан Рысбаев есімді оқырман Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.

"Жетіген ауылында бірнеше азамат №220 маршруттың жүргізушісін ұрып тастады. Жүргізушіні соққыға жығып, қабырғасын сындырған, сондай-ақ, барлық ақшасын алып кеткен", — деп жазды ол.

Сонымен қатар, ер адам оқиғаның небәрі 150 теңге үшін болғанын атап өтті.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі автобус жүргізушісіне жасалған шабуыл туралы құқық қорғау органдарына ешқандай шағым түспегенін хабарлады, деп жазады Қазақпарат.

Ведомство өкілдері оқиға әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықталғанын жеткізді.

Қазіргі уақытта бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның қатысушылары мен куәгерлері анықталып жатыр.

"Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді полицияның баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890181-almaty-maynda-avtobus-zrgizusisin-150-tegege-bola-sokkyga-zykkan/