RU

Топ-5: 2020 жылы елімізде балаларға ең жиі қойылған есімдер қандай

Балақай
Көрнекі фото: pixabay.com

2020 жыл да тарих қойнауына еніп барады. Жыл соңында ел өмірінің түрлі салалары бойынша қорытынды жасау әдетке айналған. Осыған орай KAZ.NUR.KZ тілшісі биыл еліміздегі жаңа туған сәбилерге қойылған ең танымал есімдерді назарларыңызға ұсынады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, биыл елімізде ұл балаларға Алихан (орфографиясы сақталған, Әлихан - қаз.ред.) есімін қою сәнге айналған.

Жыл басынан желтоқсан айының ортасына дейін осы есім 4382 балаға қойылыпты.

Екінші орында Айсұлтан есімі. Қазақстанда жыл басынан бері әр ай сайын 270-280 Айсұлтан дүние есігін ашқан.

Үшінші кезекте Нұрислам атты балалар. Елімізде ай сайын орта есеппен 210-240 балаға осындай ат берілген.

Ең көп қойылған ұл балалардың есімдер тізбегінде Амир, Алдияр, Алинұр, Ерасылдар бар.

Ал 2020 жылы оразамен тұспа-тұс келген сәуір-мамыр айларында Рамазан есімі жиі қойылыпты. Мәселен сәуірде 387 Рамазан дүниеге келсе, мамыр айында 1126 нәресте аталған есімді иеленген.

Қыздарға берілген есімдердің ішінде Медина көш бастап тұр. Елімізде биыл ай сайын орта есеппен 400 қыз балаға осы ат лайық деп танылған.

Одан кейінгі ең жиі қойылған қыздардың аты - Айлин. Қазақстанның АХАЖ бөлімдері айына 300-350-ден астам Айлин есімді қыз баланың дүниеге келуін тіркеген.

2020 жылы туған қыздарға азан шақырып қойған есімдер қатарында бұлардан бөлек Асылым, Айзере, Раяна, Айша, Аяла, Айым жиі ұшырасады.

Раяна есімі мамыр айында 643 рет тіркелген.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған ең көп қойылған есімдер тізіміне көз жүгіртетін болсақ, халқымыздың балаға ат қою үрдісінде қазіргі отандық жұлдыздардың ықпалы баршылық екенін байқауға болады.

Себебі тұрғындардың дені жұлдыздардың балаларына берген есімдерін қайталап қоюды ұйғарған.

Сондай-ақ тілге жеңіл, құлаққа жағымды, қысқа есімдер трендте екені байқалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890187-top-5-2020-zyly-elimizde-balalarga-e-zii-kojylgan-esimder-kandaj/