RU

Көкшетауда пәтердегі жарылыстан зардап шеккен 3 баланың жағдайы ауыр

Аурухана2
Көрнекі фото: pixabay.com

20 желтоқсан күні Көкшетауда көпқабатты үйде газ баллоны жарылып, 8 адам зардап шеккен еді. Солардың арасындағы 6 бала қазір ауруханада жатыр. Үш жеткіншек жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Зардап шеккендердің әпкесінің айтуынша, үйде болғандар бір-бірін құтқармақшы болып жүргенде денелерінің көп бөлігін күйік шалған.

"Денесінің 70 пайызы күйіп қалған. Бір-бірін құтқарамын деп жүргенде күйген. Үлкен қызы қатты зардап шекті. 17 және 16 жастағылары оған қарағанда азырақ күйген. Бәрі оқушылар", – дейді Қарлығаш Шалтықова.

Жойқын жарылыстан бес литрлік газ баллонының құтысы қақ айырылған. Осы уақытта ағайынды екі отбасы тұрып жатқан төрт бөлмелі пәтерде 6 бала мен ата-анасы болған.

Болған оқиғадан ересектер де зардап шеккен. Бірақ балаларының жағдайына алаңдаған олар ауруханада жатудан бас тартыпты. Пәтердің терезелері сыртқа ұшып, үй ішіндегі дүние-мүлік те бүлінген. Абырой болғанда от тұтанып, газ жанбаған.

Қазір 7 және 16 жас аралығындағы алты бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Мамандар болған оқиғаның себеп-салдарын жан-жақты тексеруде.

"Газ құрылғысын дұрыс қолданбаған деп болжаймыз. Жаңа толтырылған баллонды жылытуға үйге кіргізген. Газды жылыту құралдарына жақын қойғанда газ көлемі күрт ұлғаятыны ескерілмеген. Қазір арнайы органдар баллон қай жерде, қашан толтырылғанын тексеріп жатыр", – дейді Ақмола облыстық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890282-kksetaudagy-zarylystan-zardap-sekken-3-balany-zagdajy-auyr/