RU

Алматыда уәде етілген үстемақыны әлі ала алмай отырған фельдшерлер жанайқайын айтты

Жедел жәрдем
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматыдағы коронавирус жұқтырған жедел жәрдем орталығының қызметкерлері уәде етілген 2 млн теңге үстемақыны әлі ала алмай отыр деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Корновирус жұқтырып, уәде көмекті ала алмаған фельдшердің бірі - Айғаным Мәлтенбаева.

"Бізге бұл ақша төленуі керек болатын. Бізді барлық тізімнен алып тастады. Сол үшін біз өзімізге беруі керек ақшаны сұрауға және сол туралы бір шешім шығару үшін келдік. Біздің бөлімшеде жиырмадан астам адам ауырған болса, сол жиырмадан астамына бұйрық бойынша төлемақы төленбеді", - дейді Алматы жедел жәрдем орталығының фельдшері Айғаным Мәлтенбаева.

Жедел жәрдем орталығының директоры болса, науқастармен тікелей байланыста болмаған мамандарға ешқандай төлем қарастырылмағанын алға тартып отыр.

"Ең басынан бастап министрдің бұйрығы бойынша төртінші сәуірде шыққан, сол бойынша тізімге кірген жоқ. Ешқандай категорияға жатпайды олар. Ақпараттық диспетчерлік бөлім мен санитар мамандар сол бұйрыққа кірмеген. Минздравтың бұйрығы, біздің бұйрық емес ол", - дейді Алматы жедел жәрдем орталығының директоры Біржан Оспанов.

Бұл шешімге келіспей отырған фельдшерлер құзырлы органдарға шағым жазып, сотқа арызданыпты. Олар мемлекет басшысының уәде ақшасы, түбінде бір төленетініне үміттеніп жүр.

"Президент, медицина қызметкерлеріне үстемақы беруді бұйырып, қажетті сомасын айтты. Ал денсаулық сақтау министрлігі қазан айында президенттің бұйрығына өзгертулер енгізді. Сөйтіп жедел жәрдем қызметінің бір бөлігін үстемақыдан алып тастады. Ал заң бойынша қазанға дейінгі уәде етілген үстемақы төленуі керек", - дейді қорғаушы Гүлнәр Жуаспаева.

А. Кемелжан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890288-almatyda-ude-etilgen-stemakyny-li-ala-almaj-otyrgan-feldserler-zanajkajyn-ajtty/