RU

COVID-19: Нұр-Сұлтан мен БҚО қайтадан "сары" аймаққа енді

Тәжвирус карантин
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Нұр-Сұлтан мен Батыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша қайтадан "сары" аймаққа оралды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ресми сайтында хабарланды.

Қазіргі уақытта "қызыл" аймақта тек Атырау облысы ғана бар. Ал "сары" аймаққа Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары енген. Қалған өңірлер - "жасыл" аймақта.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары өңірдің екі ауданындағы 6 елдімекенде карантин жариялады.

Бұл шектеу шаралары Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустың таралуы мен өршуіне жол бермеу және жағдайды бақылау деңгейінде ұстап тұру үшін қабылданып отыр.

Облыстың мемлекеттік санитар дәрігері Арман Күшбасовтың айтуынша, Есіл өңіріндегі төрт ауыл карантинге жабылды. Олар: Явленка, Ясновка, Николаевка, Петровка. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаев қаласы мен Таманское ауылына да карантин енгізілген.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына және коронавирус жұқтырған адамдар санының азаюына байланысты Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл, Ақбұлақ ауылдарында, Қызылжар ауданының Бескөл ауылында, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка ауылында, Тайынша мен Петропавлда карантин шараларының күші жойылды.

Ал өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырған тағы 739 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 147 975-ке жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890342-covid-19-nr-sltan-men-bko-kajtadan-sary-ajmakka-endi/