RU

Айзат Молдағасымова жаңа қызметке тағайындалды

Айзат Молдағасымова
Фото: inbussines.kz

Алматының бұрынғы бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол қала ауруханаларының бірін басқарады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қаланың № 27 ауруханасы сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Айзат Молдағасымоа осы жылдың қазан айынан бастап мекеменің бас дәрігері атанған. Аурухана Ақжар ықшамауданында орналасқан. Алматы Қоғамдық днсаулық сақтау басқармасында қазір Молдағасымова Шаруашылық жүргізу құқындағы "№27 Қалалық емхана" МКК бас дәрігерінің міндетін атқаратынын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Айзат Молдағасымова Алматы қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері қызметінен кеткенін хабарлаған болатынбыз.

10 наурыз күні шенеунік бортында коронавирус жұқтырған жолаушысы бар рейспен ұшып келген. Алайда, елге оралған кезде оны карантиндік стационарға жатқызған жоқ. Бұл жағдай қоғамшылдардың ашуын тудырды. Олар өзге адамдар денсаулығына зиян келуі мүмкін болғанын алға тартып, оңтүстік астана әкіміне қаланың бас санитар дәрігерін жұмыстан босатуын талап етті.

Айзат Молдағасымова өзіне тағылған айыптаулармен мүлдем келіскен жоқ.

Сонымен қатар 30-дан астам алматылық дәрігер мемлекеттік қызметкерді сотқа берген.

Бұл оқиға медицина қызметкерлерінің жаппай коронавирус жұқтыруынан кейін орын алды. 180-нен астам дәрігердің сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Олардың көбісі орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлері болып шықты.

Алматының бас санитар дәрігері ақ халаттылардың коронавирус жұқтыруына қатысты пікір білдіріп, медициналық ұжым бұл жағдайға өздері кінәлі екенін басып айтқан болатын. Ол дәрігерлер қажетті қауіпсіздік шараларын дұрыс ұстанбағанын мәлімдеді.

Молдағасымованың бұл мәлімдемесіне шүйліккен медицина қызметкерлері сот органдарына жүгінуді жөн көрген.

Ал маусым айының басында Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметінен кеткен Айзат Молдағасымова жаңа қызметке ие болды. Ол Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры лауазымына тағайындалған еді.

Алайда, сынақ мерзімінен өте алмауына байланысты жаңа қызметінен босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890421-ajzat-moldagasymova-zaa-kyzmetke-tagajyndaldy/