RU

Алматыда әкімдікке өштескен ер адам саябақтағы орындықты сындырды

Саябақ
Көрнекі фото: Sputnik Қазақстан/ Серикжан Ковланбаев

Интернетте Алматы көшелерінің бірінде ағаш алып бара жатқан ер адам туралы видео тарады. Желі қолданушыларының айтуынша, ол "Қарасу" шағын ауданындағы жаңа саябақтағы орындықты сындырған деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Видео авторы жас жігітті тоқтатып, ағашты қайдан және не үшін алғанын сұрайды. Өзін Жасұлан деп таныстырған азамат оны үйіне апара жатқанын айтады.

Telegram каналдағы ақпарат бойынша, биыл ол жерде саябақ ашылып, жарық тартылып, орындықтар қойылған. Ал ер адам әкімдік көмектеспегендіктен, ағаш пен көмірдің орнын осылай толтыратынын айтқан.  

Алматы қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жағдайға қатысы бар деген күдікпен 1992 жылы туған ер адам анықталды. Ол кінәсін мойындады.

Іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Айта кетейік, Алматы қаласының Түрксіб ауданында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың, зиялы қауым, қоғам өкілдерінің қатысуымен Желтоқсан саябағының салтанатты ашылуы өтті.

Жас Қанат және Маяк ықшамаудандарының аумағында «Желтоқсан» саябағы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шешімімен ашылды. Бұған дейін әкімдікте Желтоқсан ұйымдарының басшыларымен өткен кездесулерде олар осындай саябақты ашу туралы ұсынғаны белгілі болатын.

Әр түрлі нұсқалар қарастырылды, нәтижесінде қаланың солтүстік бөлігінде ауданы 100 гектардан асатын ең үлкен жаңа саябақты ұсынды. Рекреациялық аймақ аэропорт көлінің жағалауын қамтиды. Абаттандыру алаңы — шамамен 23 мың шаршы метр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890432-almatyda-kimdikke-stesken-er-adam-saabaktagy-oryndykty-syndyrdy/