Коронавирус елімізде қанша жауынгердің өмірін жалмады
Опубликовано:

Коронавирус бүгінге дейін елімізде 10 жауынгердің өмірін жалмаған. Жалпы наурыз айынан бері Қазақстан әскерінің 2 мыңнан астам сарбазы COVID-19 инфекцияcын жұқтырған. Қазір жүз шақтысы ем алып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Төтенше жағдай енгізілген кезде 13 мыңнан астам сарбаз санитарлық шаруаларға жұмылдырылған болатын.
Коронавирус дерті өршігелі бері 2 200 сарбаз COVID-19 жұқтырып, төсек тартқан. Ауру жұқтырғандардың 80 пайызы коронавирустың симптомсыз түрімен ауырыпты.
Өкінішке қарай, науқастанған жауынгердің 10-ы көз жұмған. Коронавирус бес сарбаздың өмірін жалмаса, тағы бесеуі пневмониядан қайтыс болған.
Пандемия уақытында әскерге шақырылған азаматтар борышын өтеуге жіберілмей тұрып үш күн бұрын ПТР-тест тапсырады. Біреуінде коронавирус анықталған жағдайда, барлығы оқшауланады. Әскерге шақырылғандарға қатысты талап сондай.
Қорғаныс министрінің айтуынша, саптағы сарбаздарды қайта-қайта ПТР сынамадан өткізудің шығыны көп болып отыр.
"Негізінде қарулы күш сапында адамдардың саны көп. Сондықтан барлығынан жиі ПТР-тест алуға мүмкіндік те жоқ. Бірақ бас санитар дәрігер немесе ведомствоаралық комиссия жаппай ПТР-тест жайлы қаулы шығарса, әрине, жүзеге асырамыз. Әскери бөлімдердің барлығында санитарлық талап қатаң сақталады", - дейді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Дереккөз КТК арнасы
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында карантиндік шектеулер жеңілдетілгенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890492-koronavirus-elimizde-kansa-zauyngerdi-mirin-zalmady/