Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұр-Сұлтан - Шымкент бағытындағы рейстен дөрекі қылық көрсеткен екі ер адам түсірілді

Опубликовано:

борт
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтан - Шымкент бағытындағы әуе рейсінде дөрекі қылық көрсеткен екі ер адам ұшақтан түсірілді деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің Facebook парақшасы.

Құқықбұзушылар Түркістан облысының 29 және 30 жастағы тұрғындары болып шыққан. Олар ұшақ бортында мас күйінде болған, өздерін дөрекі ұстап, қоғамдық орында балағат сөздер айтқан.

Азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) және 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Құқықбұзғандарға 10 АЕК (27 780 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

"Анталья - Нұр-Сұлтан" рейсінде де тәртіпбұзушы анықталған. 1989 жылы туған Түркия азаматы ұшақ бортында электрондық темекі тартқан.

Шетел азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 50 АЕК (138 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері әуе кемесінде жасаған құқық бұзушылықтар үшін Қазақстанда 286 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Соның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін - 148, ұсақ бұзақылық үшін - 74, басқа да құқықбұзушылық үшін - 64 адам жауапқа тартылған.

Айта кетсек, АҚШ-та екі жасар сәбиіне медициналық маска таққызбаған отбасы ұшақ бортынан түсірілген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890528-nr-sltan---symkent-bagytyndagy-rejsten-dreki-kylyk-krsetken-eki-er-adam-tsirildi/

pixel