RU

Нұр-Сұлтандағы төбелесте екі адам қайтыс болып, тағы біреуі ауруханаға түсті

Тапанша
Көрнекі фото: pixabay.com

Елордада бірнеше адам төбелесіп, салдарынан екі ер адам қайтыс болды. Тағы біреуі оқ жарақатын алған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бірнеше адамның төбелескені туралы хабар полицияға 22 желтоқсанда, түн ортасында түскен. Құқық қорғаушылар тез арада оқиға орнына жеткен.

Полицейлердің мәліметінше, төбелес салдарынан екі ер адам ауруханаға түскен. Олардың бірі оқ жарақатын, екіншісі құрсақ қуысынан пышақ жарақатын алыпты.

Зардап шегушілерді құтқару мүмкін болмай, екеуі де көз жұмған.

Марқұмдардың жеке басы анықталды. Олар 39 және 44 жастағы Қызылорда облысының тумалары болып шықты.

Тағы бір 24 жастағы жігіт оқ жарақатын алып, ауруханаға түскен.

Полицияның анықтауынша, төбелеске қарыз міндеттемелері бойынша туындаған жанжал себеп болған.

Қазіргі уақытта төбелеске қатысқандардың барлығы анықталып, 11 адам ұсталған. Тергеу "Кісі өлтіру" бабы бойынша жүргізілуде.

Еске сала кетсек, 16 желтоқсанда Павлодар облысы Көкдомбақ ауылының 19 жастағы тұрғынын төрт жігіт аяусыз соққыға жыққаны хабарланды.

Ақпарат алғашында әлеуметтік желіде тарағанымен, кейінірек облыстық полиция департаменті растады.

Көптеген жарақат алған жас жігіт ауруханаға жатқызылып, оны емдету үшін Екібастұзға жіберуге тура келген.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында ішімдік ішкен ер адамдардың отырысы пышақтасумен аяқталған еді. Салдарынан 44 жастағы ер адам қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890575-nr-sltandagy-tbeleste-eki-adam-kajtys-bolyp-tagy-bireui-auruhanaga-tsti/