RU

Волейболшы қызды бетінен ұрған дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан қуылды

Көрнекі фото
Көрнекі фото: pexels.com

Жаңаөзен мектебіндегі волейбол командасының жаттықтырушысы Азамат Тұрмағамбетов шәкіртінің бетінен ұрғаны үшін жұмысынан айырылды деп хабарлайды Қазақпарат.

Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Ысқақ Құлатаев ұсынған ақпаратқа сәйкес, №3 мектеп директоры дене шынықтыру пәнінің мұғалімін жұмыстан босату туралы тиісті бұйрыққа 20 желтоқсанда қол қойған.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде волейбол жаттықтырушысының шәкіртінің бетінен ұрғаны көрініс тапқан видео тараған болатын.

Аталған жайтқа қатысты Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы пікір білдірген еді.

Ведомство бұл жайт Мұнайлы ауданында 14-15 желтоқсан аралығында коронавирус жағдайына байланысты көрермендердің қатысуынсыз өткен спорттық іс-шарада болғанын мәлімдеді.

Көп ұзамай видеодағы ер адамның Жаңаөзен қаласындағы № 3 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Азамат Тұрмағамбетов екені анықталды.

"Ол балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушылар қатарында емес. Оны жарысқа ешбір ұйым жіберген жоқ, ол жеке тұлға ретінде қатысты", - деген еді басқармада.

Кейінірек жаттықтырушы оқиғаға байланысты өз шындығын айтты.

"Интернетте тараған видеоға қатысты айтар болсам, ол қыздар Жаңаөзен командасында ойнайтын волейболшылар. Жақсы көрсеткіш көрсетіп, спорт саласында айтарлықтай жетістікке жетіп жүр. Ол сырттан беттен ұру болып көрінген шығар, бірақ олай емес.

Алтыншы нөмірдегі ойыншы - команда көшбасшысы. Мен оны жігерлендіріп, команданы белсенді болуға шақырғым келді. Менің әрекетім сырттан ойыншыларға деген қатігез қарым-қатынас ретінде көрінгені үшін кешірім сұраймын", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890645-volejbolsy-kyzdy-betinen-rgan-dene-synyktyru-mgalimi-zmystan-kuyldy/