RU

"Тегін кілем таратамыз деп" басы дауға қалған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

кілем
Көрнекі фото: pixabay.com

"Тегін кілем таратамыз" деп тұтас Шымкентті дүрліктірген кәсіпкерге қатысты алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Дүкен басшысы 500 кілем таратамын деп жарнама жасағанымен, іс жүзінде берерге бірде-бір кілемі болмауы мүмкін деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Телеарнаның мәліметінше, Қарағандыдан келіп, Шымкентте кілем сататын дүкен ашқан кәсіпкер үш күн бойы келушілердің барлығына "тегін кілем таратамын" деп әлеуметтік желі арқылы хабарлаған.

Осыдан кейін тегін дүниеге асыққан жұрт Шымкенттен ғана емес, Түркістан облысының түкпір-түкпірінен ағылған.

Келушілердің көптігін көрген дүкен ашылмақ түгілі, сатушылар полиция шақырып, басын әрең арашалап қалған. Ал мыңға тарта адам уәде етілген кілемді алмайынша, кетпейміз деп шатақ шығарған.

Санитарлық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелген кәсіпкер енді қылмыстық іс бойынша да жауап бермек деп хабарлайды телеарна.    

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, бұған дейін акцияны ұйымдастырушылар адам мұнша көп жиналады деп ойламағандарын, соған байланысты тегін берілетін кілем бәріне бірдей жетпей қалғанын айтқан еді.

"Біз осынша көп адам келетінін білмедік. Бұлай болады деп күтпедік. Кілем таратамыз деп ойладық, алайда барлық санитарлық талап бұзылды", - деп түсіндірді дүкен қызметкерлері.

Соған байланысты олар науқанды тез арада тоқтатқандарын да атап өткен болатын.

Сонымен қатар бір топ адамның жиналуына байланысты кілем сататын дүкен маңындағы сауда орындарының да жабылғаны айтылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890680-tegin-kilem-taratamyz-dep-basy-dauga-kalgan-ksipkerge-katysty-kylmystyk-is-kozgaldy/