RU

Елордада коронавирустан өз бетінше үйде емделгендердің денсаулығы нашарлаған

маска тағу
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Нұр-Сұлтанда дәрігер көмегінсіз, коронавирустан үйінде емделетіндер көбейген. Салдарынан тұрғындардың арасында ауыр халде аурухана керуетіне таңылғандар бар деп хабарлайды КТК арнасы.

"Қазір қала тұрғындары арасында вирусқа қарсы препараттарды дәрігерден кеңес алмай, өз бетінше қабылдап, қауіпті індеттен үйде емделу жағдайлары көбейіп жатыр.

Өз-өзін емдеудің салдары науқастардың ауыр жағдайда инфекциялық стационарларға түсуіне әкеп соқтырады. Қазір мұндай науқастар саны – 11", - дейді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардаққызы.

Елорданың емханаларында бұрынғысынша сүзгі-кабинеттер жұмыс істейді. Дәрігерлер қауіпті індеттің алғашқы немесе соған ұқсас симптомдары байқалған кезде емдеу кабинеттеріне келу керек деп отыр.

Мәселен, соңғы екі айда 15 мың адам тексерілген. Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест арқылы COVID-19-ды 300-ден астам тұрғынның жұқтырғаны белгілі болыпты. 100 шақты елордалық ауруханаға жатқызылған.

Дереккөз КТК арнасы

Айта кетейік, өткен тәулікте елімізде коронавирус жұқтырған тағы 733 адам анықталды. Олардың 75-і Нұр-Сұлтан қаласынан.

Жалпы індет басталғалы бері елордада COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 177 94-ке жетіп отыр. 133 510 науқас жазылып шықса, 2196 адам дерттің құрбаны болған.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "сары" аймақта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890681-elordada-koronavirustan-z-betinse-jde-emdelgenderdi-densaulygy-nasarlagan/