RU

Екінші мутация: Ұлыбританияда коронавирустың тағы бір аса жұқпалы түрі пайда болды

Коронавирус
Фото: pixabay.com

Ұлыбритания өз елінде коронавирустың жаңа мутациясы таралуының екінші жағдайын тіркеп отыр. Бұл елге дерттің аса жұқпалы жаңа түрі Оңтүстік Африкадан келгені анықталған.

Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі екі жағдайда да бұл вирусты елге Оңтүстік Африкадан келген адамдардың бірі әкелгенін алға тартты.

Бүгінде ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғандар іздестірілуде. B1.351 деп аталатын жаңа мутация (оны 501Y.V2 деп те атайды) алғаш рет қазан айының басында Оңтүстік Африканың Нельсон Мандела шығанағынан алынған үлгілерден табылған.

Коронавирустың жаңа түрі тамыз айының соңынан бастап таралған болуы мүмкін деп болжануда. Бұл штаммның Оңтүстік Африкада тез таралуы оның аса жұқпалуы болуымен байланыстырылып отыр. Алайда бұл болжам әлі ресми түрде расталмаған.

Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Мэттью Хэнкок болса, елде коронавирустың тағы бір жаңа түрі табылғанын растап отыр.

"Дерттің бұл жаңа түрі айтарлықтай алаңдаушылық туғызады, өйткені ол әлдеқайда жұқпалы және Ұлыбританияда бұған дейін табылған нұсқадан гөрі көбірек мутацияға ұшыраған сияқты", - деп келтірді министрдің сөздерін CNBC.

Еске салсақ, бұған дейін Мэттью Хэнкок елде таралып жатқан коронавирустың жаңа штаммына қатысты жағдай бақылаудан шыққанын мәлімдеген еді.

Көп ұзамай, Ұлыбританияда биыл Рождество тойланбайтыны хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890766-ekinsi-mutacia-lybritaniada-koronavirusty-tagy-bir-asa-zkpaly-tri-pajda-boldy/