RU

Сенат қоғамдық кеңестер туралы заң жобасын мәжіліске кері қайтарды

Сенат отырысы
Фото: Сенат парламентінің баспасөз қызметі

Сенат қоғамдық кеңестердің қызметі туралы заң жобасын бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенаттың жалпы отырысында мәжіліс мақұлдаған "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды.

Сенаторлар заң жобасын талқылау кезінде құжатқа бірнеше өзгеріс енгізген.

"Заң жобасын талқылау кезінде депутаттардан Ұлттық әл-ауқат қорының және қор тобына кіретін компаниялардың ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық кеңесті қалыптастыру тәртібін нақтылау және регламенттеу мақсатында бірқатар өзгеріс пен толықтырулар ұсынылды", - деді депутат Бақытжан Жұмағұлов.

Заң жобасында қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау нормасы көзделді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл жердегі басты талап – дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сондықтан да жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілінен сайлау ұсынылуда.

"Бұл өзгеріс кеңестер құрамын іріктеуге, әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту үшін енгізілді. Заң жобасы кандидаттар есебінен резервтік тізім жасауды ұсынады. Кеңес құрамынан шыққандардың орнына осы тізімнен жаңа мүшелерді сайлауға мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңда қоғамдық кеңес мүшелерінің саны нақты қарастырылмаған. Бұл ретте кеңес мүшелері санының орталық деңгейі 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде халық санына байланысты анықтауды ұсынамыз", - деді ол. 

Басты талап – кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін тарту қажет. Осыған орай өкілеттік орган кеңестің сандық және сапалық құрамы бойынша ұсыным әзірлейді.

Заң жобасында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық кеңестер саласындағы уәкілетті орган ретінде анықталып отыр. Министрлік уәкілетті орган ретінде қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіреді және әдістемелік жағынан қолдау көрсетеді. Қоғамдық кеңестер туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындап, мемлекет басшысына ұсынады.

Бұдан бөлек, қоғамдық кеңестердің өкілеттігі кеңейтіледі. Атап айтқанда, қоғамдық кеңестер келіп түсетін сұрақтарды олардың қоғамдық маңыздылығына қарай өздері іріктеп қарауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңестерге жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдарының басшыларының есебін тыңдауға өкілеттік беретін норма енгізілді. Бұл өз кезегінде, құқық қорғау органдарының жауапкершілігі мен ашықтығын арттыруға септігін тигізбек.

Сонымен бірге, президенттің тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың конкурс комиссиясына қоғамдық кеңес мүшелерін қатыстыру көзделіп отыр.

Ұлттық компаниялар мен холдингтерде және ұлттық басқару холдингтерінде қоғамдық кеңестер құру жөнінде толықтырулар енгізілді. Министрдің айтуынша, бұл осы саланың ашықтығын және жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отырған шара.

Сенат осы нормаларды қабылдап, өздері енгізген түзетулермен құжатты мәжіліске кері қайтарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890767-senat-kogamdyk-keester-turaly-za-zobasyn-mziliske-keri-kajtardy/