RU

Қазақстандық оқушылар мектепте ұлттық спорт түрлерін меңгеретін болады

Оқушылар
Көрнекі фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Сенат ұлттық спорт түрлерін оқу бағдарламасына енгізуді көздейтін заңды қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. 

"Заң жобасында білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасына ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде енгізу қарастырылып отыр. Ең алдымен, асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күресті енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, жекпе-жек сияқты ұлттық спорт түрлерінен оқушылардың денсаулығына зақым келмейтін жаттығулар мен элементтер алынады. Мұның бәрі кезең-кезеңмен іске асырылады", - деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Айтуынша, қазір Нұр-Сұлтан қаласында қазақша күресті орта білім мектептерінде пилоттық жоба ретінде енгізу қарастырылып отыр. 

Сенат заңды қабылдап, президентке қол қоюға жіберді.

Еске сала кетейік, сенат "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске кері қайтарды.

Айта кетсек, парламент қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан ақша алуына мүмкіндік беретін заңды қабылдады. Құжат қол қою үшін мемлекет басшысына жіберіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890782-kazakstandyk-okusylar-mektepte-lttyk-sport-trlerin-megeretin-bolady/