RU

Щучинск балабақшасындағы қатігездік: Полиция қылмыстық іс қозғады

Балабақшадағы қатігездік
Видеодан кадр: instagram.com/asemmukumova

Полиция Щучинск қаласындағы белгілі кәсіпкер әйел, аудандық мәслихаттың депутатына тиесілі балабақшада тәрбиеленушілерге қатігездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі Ақмола облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, тәртіп сақшылары әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде Щучинсктегі шағын орталықтардың бірінде түсірілген видеоны анықтаған.

Кадрлардан тәрбиешінің кішкентай балаға қатігездік танытқаны көрінеді.

"Кәмелетке толмаған адамды қадағалауға міндетті білім беру мекемесі қызметкерінің әрекеттерін, сондай-ақ Щучинск қаласының тұрғынынан келіп түскен шағымды ескере отырып, Бурабай ауданының полиция бөлімі ҚР ҚК 140-бабы, 2-бөлігінде (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады", - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, мұндай іс-әрекеттер үшін 160 АЕК көлемінде айыппұл, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, 40 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қарастырылған.

Сондай-ақ үш жылға дейін белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу амалдары жалғасуда.

Еске сала кетсек, бұған дейін Щучинскдегі жекеменшік балабақшада болған жағдай бақылау камераларының біріне түсіп қалған еді.

Видео желіде тарап, тәрбиешілердің әрекеті желі қолданушыларының наразылығын тудырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890788-sucinsktegi-deputatty-balabaksasyndagy-katigezdik-policia-kylmystyk-is-kozgady/