RU

Аймағамбетов жоғарғы сынып оқушылары не себепті дәстүрлі оқу форматына ауысқанын түсіндірді

Мектеп
Көрнекі фото: pixabay.com

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үшінші тоқсаннан бастап жоғарғы сынып оқушылары не себепті дәстүрлі оқу үлгісіне ауысатынын түсіндірді. Министрдің сөзінше, бұл Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін қажет деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Үшінші тоқсаннан бастап негізінен мектепке барып білім алатындар 9 және 11-сыныптар.

Оған қоса екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де аралас форматта оқитын болады.

Аралас оқыту дегенмізі –  пәндердің 70 пайызы мектепте, қалған 30 пайызы қашықтан оқытылады.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия және осы сынды басқа да негізгі пәндерді жоғары сыныптар мектепке барып оқиды. Бірақ санитарлық талап сақталады.

Бір сыныпта отырып әлеуметтік арақашықтықты сақтайды және қоңырау әртүрлі уақытта соғылады.

Сонымен қатар оқушылардың сабақты меңгерудегі қиындықтардың орнын толтыру үшін сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке кеңес беру ұйымдастырылады.

"Қашықтан оқытуға көшкелі оқу үлгерімін үнемі бақылап келеміз. Қай жерде қалыс қалу немесе қиындық бар екенін көріп отырмыз. Сондай балаларды шақырып немесе өз қалауымен шағын топта қосымша жұмыс істейміз. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. Керекті әдістемелері мен кестесіне дейін толық жасап бердік", - дейді Білім және ғылым министрі.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Еске сала кетсек, келесі айдан бастап барлық педагогтің жалақысы 25 пайызға артады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890888-ashat-ajmagambetov-zogargy-synyp-okusylary-ne-sebepti-dstrli-oku-lgisine-auyskanyn-ajtty/