RU

Коронавирус жұқтырғанын жасырған жолаушы ұшақ ішінде қайтыс болды

Ұшақ
Көрнекі фото: piqsels.com

АҚШ-та Орландодан Лос-Анджелеске бет алған ұшақ бортында коронавирус жұқтырған азамат көз жұмды деп хабарлайды Apnews.

Ұшақ дәрігерлері жолаушыны жасанды тыныс алу және 2 адреналин уколы арқылы бір сағат бойы құтқаруға тырысқанымен, ол қайтыс болған.

Ал шұғыл қонуға мәжбүр болған ұшақтың барлық жолаушылары өзге рейстермен Лос-Анджелеске ұшып кеткен.

Дегенмен жолаушылар коронавирус белгілері бар ер адамның ұшаққа отыруына рұқсат берген әуе компаниясын сынға алды.

"COVID-19 белгілері бар адамды қалайша ұшаққа отырғыздыңыздар?", "Ол ұшаққа кіргенде дірілдеп, қара терге түсті. Ауырып тұрғаны айдан анық еді, содан кейін ұшақта қайтыс болды", - дейді оқиға куәгерлері.

Белгілі болғандай, жолаушы ұшаққа отырар алдында бланк толтырып, онда коронавирус белгілерінің жоқтығын көрсеткен. Алайда марқұмның әйелі күйеуіне алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде оның иіс пен дәм сезбей жүргендігін айтқан екен.

"Біздің рейс медициналық шұғыл жағдайға байланысты Жаңа Орлеанға қонуға мәжбүр болды. Ал жедел жәрдем қызметкерлері жолаушыны жергілікті ауруханаға жеткізді. Біз оның отбасымен байланыстамыз және жақынының қазасына байланысты көңіл айтамыз. Вирус жұқтырған адамның жүрегі тоқтап қалды.

Біз жолаушылардың әрқайсымен байланыстамыз, коронавирустың белгілері анықталған жағдайда олардың Орталықтан көмек алуын бақылауда ұстаймыз. Біз қызметкерлер мен клиенттердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қашан да бірінші орынға қоямыз, сондықтан ұшу алдында маскалар тағып, арнайы бланк толтыруды талап етеміз", - дейді әуе компаниясының өкілі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890907-koronavirus-zktyrganyn-zasyrgan-zolausy-sak-isinde-kajtys-boldy/