RU

"Ақша жинаған": ІІМ академиясында курсант өлімінен соң өзге ата-аналар да дабыл қақты

Саламат Өтегенов
Саламат Өтегенов. Фото: uralskweek.kz

Алматыдағы ІІМ академиясында асылған күйде табылған 19 жастағы курсант Саламат Өтегеновтің анасы Бекзат Иманғалиева ұлының өлімінен соң өзіне басқа академия курсанттарының әке-шешелері жүгіне бастағанын айтты.

Оның сөзінше, ата-аналар оқу орнында көрсетілген қысымға шағымданған деп жазады "Уральская неделя" басылымы.

"Ұлымның өлімі жайлы мақала шыққан соң WhatsAapp-қа ІІМ академиясы курсанттарының екі ата-анасы жазды. Олар балаларының дәл қай академияда оқитынын айтқан жоқ.

Жазғандардың бірі "ұлы ІІМ академиясынан көрсетілген қысымнан кейін шығып кеткенін" жеткізді. Ал екіншісі баласы білім алатын академияда курсанттардан ақша жинау фактілері болғанын хабарлады", - дейді Бекзат Иманғалиева.

Басылымның жазуынша, Бекзат Иманғалиеваға жазған ата-аналар өз есімдерін жариялаудан және журналистермен тілдесуден бас тартқан.

Айта кетейік, 13 желтоқсанда 19 жастағы Саламат Өтегенов Алматыдағы ІІМ академиясы ас ішу бөлмесінің қосалқы бөлмелерінің бірінен асылған күйде табылған еді. Оқиға орнына келген дәрігерлер 3-курс студентін құтқара алған жоқ. Туыстары марқұмның сол күні ірі көлемде ақша сұрағанын айтты.

Курсант өлімінен соң Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының бастығы Өмірбай Смайылов қызметінен кетті.

Оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды.

Сонымен қатар академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың бесеуі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890923-aksa-zinagan-iim-akademiasynda-kursant-liminen-so-zge-ata-analar-da-dabyl-kakty/