RU

"350 мың теңге салдым": Ақтөбеде қаржы пирамидасына алданғандар наразылығын білдірді (фото)

Ақтөбеде қаржы пирамидасына алданғандар сот алдында наразылыққа шықты
Фото: NUR.KZ

"UNNNITY corporation" ұйымының жарнамасына алданып, 350 мың теңгеден ақша салған 40 мың қазақстандық сан соғып қалған. Үш жылдан бері салған ақшаларын өндіре алмай жүрген салымшылар Ақтөбедегі сот алдында наразылығын білдірді. Жиналғандар әділдік сұрайды. Айтуларынша, айыпталушылардың қорғаушылары уақытты әдейі созып, мыңдаған адамды сергелдеңге салып жүр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Заңсыз әрекеттері төрт жыл бұрын әшкере болған ұйымның басшысы қазір қамауда отыр.

"UNNNITY corporation" серіктестігінің жетекшісі Қуаныш Жақсыбаев "аса ірі көлемде алаяқтық жасады" деген айыппен 6,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Қазір сот оның тоғыз бірдей сыбайласына қатысты қылмыстық істі қарап жатыр.

"Бұл қаржы пирамидасының ашылғанына төрт жыл болды. Үш жылдан бері тергеу жүріп жатыр. Біз әділдік сұраймыз. "Қазақ балалары ашып жатыр, сенімді, қазақтарды қолдайық" дегенге сеніп, 350 мың теңге салдым. Күнделікті ақша түсіп отырады деп алдады. Ол ақшаны салу үшін несие алдым. Қазір қарызға батып отырмын. Ұзақ уақыт қаралып жатқан іске соттан әділ шешім шығаруды талап етеміз", - дейді салымшы Гүлзат Оразалина.

Қаржылық пирамиданың құрығына түскендер сот алдына қағазға жазылған ұранмен келген. Ақшаларын қайтаруды талап еткендер алданғандарын кеш түсінген.

Ұйым өкілдері салымшыларды ұялы телефонның қазақ тіліндегі қосымшасын енгізу арқылы пайдаға кенелеміз деп сендірген.

"Бұл ұйымға 2017 жылы бардым. 350 мың теңге салдым. Ешқандай пайда көрген жоқпын. "Тамызда программа қосылады" деп алдады. Соттан уақытты созбай, айыпталушыларға әділ жаза қолданылуын сұраймыз. Ақшамызды қайтарсын", - дейді салымшы Қаракөз Арғынбаева.

Ұйымның 700-ге жуық жәбірленушісіне қорғаушы болып отырған заңгер айыпталушылардың тергеу кезінде де қулыққа барып отырғанын айтады.

"Ұйымның Қазақстан бойынша 40 мың жәбірленушісі бар. Жәбірленушілердің жанайқайы – іс созылып кетті. Айыпталушылар мен олардың қорғаушылары істі әдейі созып отыр. Себебі оларға қазір қолданған бұлтартпау шарасы бойынша тергеу кезіндегі 1 күні -1 ,5 күнге есептеледі. Олар ертеңгі уақытта тағайындалған жазаны қысқарту үшін созып отыруы мүмкін", - дейді қорғаушы Еркебұлан Сарман.

Ақтөбеде қаржы пирамидасына алданғандар сот алдында наразылыққа шықты
Фото: NUR.KZ

Ал қалалық сот қылмыстық істің созылып кетуін жәбірленушілердің саны көптігімен түсіндіреді.

"Ақтөбе қаласының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2 тармағымен сотқа берілген Жақсыбаевқа, Жұмабаевқа және басқаларға қатысты қылмыстық ісі қаралуда. Аталған іс сотқа 2020 жылдың мамыр айының 28-де түсіп, 9 маусымда алдын ала тыңдау өтті. Қылмыстық іс бойынша 2840 адам жәбірленуші ретінде танылған. Қазіргі таңда сот тергеуі жүргізіліп жатыр", - дейді Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Қазір сот алдында жауап беріп жатқан айыпталушылар тек Ақтөбе қаласынан емес, ұйымның Павлодар, Алматы, Семей, Талғар қалаларындағы өкілдері де жауапқа тартылған. Олар өз жерлестерінің сеніміне кіріп, ақша салуға үгіттеген.

Сотта қазір жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Істің әлі қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

Еске сала кетсек, бұған дейін "QI-Trade Kazakhstan" инвестициялық компаниясының салымшылары алаяқтарға алданғанын мәлімдеген еді.

Олар ақшасын айына 3-8 пайыздық өсіммен салған. Ал компанияның бас директоры төрт миллиард теңгемен қашып кетті деген болжам бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890954-350-my-tege-saldym-aktbede-karzy-piramidasyna-aldangandar-narazylygyn-bildirdi-foto/