RU

Қазақстанда мемқызметкерлерге шетелдегі шоттарын жабуға алты ай уақыт берілді

Шенеунік
Көрнекі фото: Sputnik / Владислав Воднев

Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі онлайн брифингте мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік банктегі шоттарына тыйым салуға қатысты заңнамаға енгізілген қосымшаны түсіндірді. Шенеуніктерге өзге елдердергі шоттарын жабуға жарты жыл уақыт беріліп отыр деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік кеңесшісі Анар Жарова шоттарға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қосымша 2020 жылғы 19 желтоқсандағы заңмен қабылданғанын еске салды.

Оған сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге, парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерде шот иеленуге тыйым салынған.

Мемлекеттік қызметкерлерге шоттарын жабуға жарты жыл уақыт беріліп отыр.

"Мемлекеттік қызметкер лауазымға тағайындалған соң оларға шетелдік шоттарын жабуға алты ай уақыт беріледі. Бұл қазіргі қызметтегі мемлекеттік қызметкерлерге де қатысты. Оларға да Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстаннан тыс жерде орналасқан шетелдік банктердегі шоттарды жабуға 6 ай берілетін болады", - дейді Анар Жарова.

Дегенмен, мемлекеттік қызметкерлер кей жағдайда, оның ішінде мұраға ие болған кезде шетелдік банктерде шот иеленуге құқылы.

Мұндай жағдайларға келесілерді жатқызуға болады: Шетелде оқу, жұмыс істеу, тәжірибеден өту, іссапарда болу немесе ем қабылдау және кәмелет жасына толмаған баланың ресми өкілі ретінде шетелде болу.

"Бұл қызметтер тоқтатылғаннан кейін, мысалы, шетелдік іссапардан, оқудан және т.б. оралған күннен бастап мемлекеттік қызметкер 6 ай ішінде шетелдік банкте ақшаны сақтауды тоқтатуға міндетті. Бұл талап пен мерзім мұраға ие болған жағдайда да қолданылады" ,- дейді агенттік кеңесшісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890961-kazakstanda-memkyzmetkerlerge-seteldegi-sottaryn-zabuga-zarty-zyl-uakyt-berildi/