RU

Алматыда тиесілі үстемақыны ала алмай жүрген ақ халаттылар шағымын айтты

Дәрігер1
Көрнекі фото: pixabay.com

Үстемақыларын ала алмай жүрген Алматыдағы нөмірі бірінші клиникалық аурухананың қызметкерлері емхана алдына жиналды. Олар үстемақы былай тұрсын, жалақылары дұрыс төленбейтінін айтып, шағымданды деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Медициналық мекеменің лаборанты Қарлығаш Исабекова ақшасын алмағанына үш ай болғанын айта келе, тиісті қаржыны тездетіп төлеуді талап етіп отыр.

Аурухана күніне кем дегенде 30 науқас қабылдайтын көрінеді. Олардың дені пневмонияға шалдыққандар немес коронавирус жұқтырғандар.

Күн-түн демей қызмет етіп жүрген ақ халаттылар еңбектерінің бағаланбағанына наразы.

"Біз тұншығып, маскамен оранып жүреміз. Бізге тиеслі нәрсені беруі керек. КВИ мен пневмониямен бүкілі келеді. Демікпемен келеді. Көбінесе пневмония болғандарды тасымалдайды. 20 адам болса сол 20 адамның 15-і пневмониямен келеді", - дейді № 1 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің медбикесі Әлия Байдуллаева.

Ал санитар дәрігер Руслан Өтепбергенов болса, үстемақы бастапқыда уақытылы берілгенін айтады.

"Қыркүйек айынан бастап тоқтап қалды. Күн-түн демей осында жұмыс істеп келеміз, неге қаражатымыз дұрыс берілмейді? Неге бізді ешкім елемейді?", - дейді ол.

Қызметкерлер наразылық білдіріп басшылыққа талай барған. Мәселе шешімін таппағандықтан енді ақпарат құралдарынан көмек сұрауға мәжбүр болған

Ал осы жағдайға қатысты пікір білдірген аурухана басшысы Эрнест Қалиев, бұл мәселенің жақын уақытта шешілетінін алға тартты.

"Біздің аурухананы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Иә, үстеме ақының төленбей жүргені рас. Қордың айтуынша, біздің қабылдау бөлімімізде олқылық бар. Ауруханамызда арнайы сүзгі болуы керек екен. Келген науқастар дәрігермен сол сүзгі артынан сөйлесуі шарт. Бұл мәселе жақында шешіледі", - дейді № 1 қалалық клиникалық ауруханасының басшысы.

Ә. Лесбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890967-almatyda-stemaky-tgili-zalaky-ala-almaj-zrgen-ak-halattylar-zanajkajyn-ajtty/