RU

Өзбекстанда өзін алып қашып бара жатқан көліктен секірген қыз мерт болды

Жолда тұрған қыз
Көрнекі фото: pixabay.com

Өзбекстанның Наманган облысы Нарын ауданында 16 жастағы қыз өзін алып қашып кеткен көліктен секіріп, қайтыс болды деп хабарлайды Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

Бұл туралы Наманган облысының ішкі істер басқармасы хабарлаған.

Қайғылы оқиға 20 желтоқсанда болған. 18 және 23 жастағы ер адамдар қызды көлікке отырғызып, алып қашпақ болыпты.

Бірақ бойжеткен көліктен секірген кезде алған жарақатынан көз жұмған.

Басылымның жазуынша, марқұм келесі жылы университетке оқуға түсемін деп дайындалып жүрген екен.

Еске сала кетсек, Түркістан облысында 16 жасар қыз отыздан асқан жігітке тұрмысқа шыққанын жазған едік.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, некелесу 24 тамыз күні болған. Бұл туралы алдымен журналист Гүлмира Әбіқай Facebook-тегі парақшасында жазды.

Кейінірек, 16 жасында босаға аттаған жас келін өз еркімен тұрмыс құрғанын, жеке өміріне араласқанды қаламайтынын айтып видео жолдаған. Жасы отыздан асқан жігітті бұрыннан білетінін, өз қалауымен ер адамның етегінен ұстағанын айтқан еді.

Сонымен қатар, Алматы облысында полиция қызметкерлері қыз алып қашқан күдіктілерді қолға түсірген болатын.

"Қыз алып қашқан" ер азаматтар Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылының маңында тоқтатылды. Олар полиция бөлімшесіне жеткізілген. Онда жігіттердің бірі қызды үйлену үшін алып қашқанын айтыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890985-zbekstanda-zin-alyp-kasyp-bara-zatkan-klikten-sekirgen-kyz-mert-boldy/